Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания Королі ІІ Абдалламен кездесті (ФОТО)
|
Қазақстан Президенті Иордания Королі ІІ Абдалламен екіжақты кездесулер жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы, фармацевтика, қорғаныс салалары сияқты экономиканың түрлі секторындағы өзара іс-қимылдың нығайып келе жатқанын айтты.
Қазақстан Президенті Иорданияның және оның Королі ІІ Абдалланың Таяу Шығыста бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатудағы рөлін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы Иордания Королінің бітімгершілік қызметін жоғары бағалап, оған «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» халықаралық сыйлығын табыс етті.
Иордания Королі ІІ Абдалла Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға шақырғанына алғыс айтып, табысталған марапат үшін ризашылық білдірді.
ІІ Абдалла екі ел арасындағы қарым-қатынастың сенімге негізделгенін айрықша атап өтіп, Қазақстан Президентінің халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудегі маңызды рөліне тоқталды.
Соңында Иордания Королі ІІ Абдалла өз халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа бітімгершілік қызметі мен көрсетіп отырған қолдауы үшін ризашылық білдірді.