Медсақтандыру қорына жарна аудармағандар қандай ем-домнан қағылады? МӘМС: Кім тісін тегін емдете алады?
Медсақтандыру қорына жарна аудармағандар қандай ем-домнан қағылады? МӘМС: Кім тісін тегін емдете алады?
5 жыл бұрын 3538 Әсел Тұмашқызы, Роза Ысқақ, Батыржан Беспаев

Қор басшысы МӘМС жүйесінде тіркелмегендерге қандай медициналық қызмет түрлері көрсетілмейтінін айтып берді. Бұл жайында azattyq-ruhy.kz ақпарат көзі хабар таратты.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов тұрғындарды толғандырып жүрген бірқатар сұраққа жауап берді. Басқарма басшысы 1406 Call-орталыққа қоңырау шалған тұрғындармен сөйлесіп, кеңес берді.

Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, қаңтардан бастап Call-орталық тәулік бойы демалыссыз жұмыс істейді. Қоңырау шалу тегін. Орталыққа бүгінге дейін 20 мыңнан астам тұрғын хабарласып, ақпарат алған. Халықты көбіне мединалық сақтандыру аясында қандай қызмет көрсетілетіні, мемлекет тарапынан тегін берілетін көмек жайындағы сұрақтар мазалайды.

«Кейбір азаматтар өзінің құқығын білмейді. Жұмыссыз отырған азаматтардың жұмыссыз болып тіркелуге құқығы бар. Мүгедек азаматтар мүгедек болып тіркелген жағдайда, мемлекеттен тегін көмек алады», - деді Айбатыр Жұмағұлов.

Оның айтуынша, бірінші сәуірге дейін кез келген адам сақтандырылғандар тізімінде тұрады. Алайда, сәуірден кейін медициналық сақтандыру қорына жарна төлемегендердің (соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтитындар – авт.) басы ауырып, балтыры сыздаса МӘМС жүйесіндегі қызметтерді ала алмайды. 

«Бірінші сәуірге дейін барлық адам сақтандырылғандар тізімінде болады. Сол мерзімге дейін медициналық ұйымдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тізіміне жататын қызметтерді көрсетеді. Егер азамат сәуірде емханаға келіп, дәрігерге қаралғысы келсе, ол міндетті түрде қаңтардан бастап төлем жасауы тиіс. Олай болмаған жағдайда, МӘМС-ке жататын қызметтер қолжетімсіз болады. Мәселен, азамат сәуірге дейін үш айдың жарнасын (қаңтардан бастап – авт.) төлемеген болса, ол сома қарыз болып есептеледі. Сондай-ақ жиналған қарызды бір күнде төлеуге мүмкіндік бар. Біз әр медициналық ұйымға талап қойып отырмыз. Кез келген медициналық ұйымда төлем жүйесі болу керек. Төлем жүйесінің бір түрі ретінде қаржылық терминалдар орнатылуы керек», - деді қор төрағасы.

Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар бұрынғыдай бастапқы және шұғыл медициналық көмек алуға құқылы.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен іске қосылды. Бұл еліміздің әр азаматына қатысы бар реформа.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысу үшін не істеу керек?

Алдымен мәртебеңізді анықтайсыз. Әлеуметтік мәртебені egov.kz порталы арқылы білуге болады. egov.kz сілтемесі арқылы порталға кіргеннен кейін ЖСН енгізесіз. Содан кейін статустың бірін таңдайсыз: «Жұмыс істейді», «Әлеуметтік төлем алушы», «18 жасқа толмаған балалар», «Өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелген» және «Мәртебесі анықталмағандар». Егер жұмыссыз болсаңыз, ХҚКО, Жұмыспен қамту орталығына немесе әкімдікке барып тіркелуіңіз керек.

Қорға қалай ақша аударуға болады?

Мемлекет қорға халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы үшін жарна төлейді. Яғни 15 санатқа кіретін жеңілдігі бар азаматтар МӘМС жүйесінде тегін ем-дом алады. Олар - балалар, зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, бала күтіміне байланысты демалыстағы аналар, мүгедектер және мүгедек балаларға күтім жасайтын адамдар, тіркелген жұмыссыздар, жұмыс істемейтін оралмандар, студенттер, интернат тәрбиеленушілері, тергеу изоляторларындағылар мен түрмедегілер.

МӘМС: Кім тісін тегін емдете алады

МӘМС, яғни, медициналық сақтандыру аясында кімдер стоматологқа келіп, тегін қарала алады және жекеменшік клиникаларда қандай медициналық көмекті ақысыз алуға болады? Бұл сұраққа елордада орналасқан "Медикер Астана" жекеменшік медициналық орталығының директоры және дәрігер-стоматолог жауап берді. Бұл жайында baq.kz ақпарат көзі хабар таратты. 

Ересектер мен балаларды қабылдайтын дәрігер-стоматолог Айжан Саламатованың айтуынша, 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар және "Алтын", "Күміс" алқа алған көпбалалы аналар стоматологқа келіп, тісін тегін емдете алады. Ол үшін тек жолдама болу қажет. Ал, жолдаманы сол жекеменшік медициналық ұйыммен келісімшарт жасасқан мемлекеттік емхана береді. 

Біз биыл қаңтар айынан бастап медициналық сақтандырылған емделушілерді қабылдап жатырмыз. Біздің клиникаға келуші науқастарды 2 категорияға бөліп қабылдаймыз. Біріншісі – шұғыл түрде, екіншісі – жоспарлы түрде. Шұғыл жағдайда қабылдайтын науқастарымыз – 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, I, II, III топтағы мүгедектер және "Алтын", "Күміс" алқа алған көпбалалы аналарды қабылдаймыз. Ал, жоспарлы түрде қабылдайтын адамдар – 18 жасқа дейінгі балалар және жүкті әйелдер, - деп айтты "Медикер Астана" медициналық орталығының дәрігер-стоматологы Айжан Саламатова. 

Қаңтар айынан бастап медициналық мекемеге келіп, МӘМС аясында тісін тегін емдеткен науқастардың саны шамамен 100-ге жеткен. 

Уақыт өткен сайын, міндетті медициналық сақтандыру аясында жолдамамен келетін пациенттердің саны көбейіп жатыр. Бұл адамдардың барлығы жолдамамен тегін өтеді. Барлығын жолдамамен қабылдаймыз. Шұғыл көмекке жүгініп келгендерге ең алдымен алғашқы медициналық жәрдем көрсетеміз. Кейін оларды тіркейміз, - дейді стоматолог. 

Бұдан басқа, жекеменшік клиникаларда қандай медициналық көмекті ақысыз алуға болатынын осы медициналық орталықтың директоры Ботагөз Қалдыбекова айтып берді. 

2020 жылдың қаңтарынан бастап МӘМС аясында біз шамамен 22 мың адамға медициналық көмек көрсеттік. Бізде 21 мың 789 адам тіркелген. Соның 3 мыңы – балалар мен жасөспірімдер. Міндетті медициналық сақтандыру іске қосылғанға дейін де біз 2014 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында медициналық көмек көрсетіп келдік. МӘМС бөлігі ретінде біз стоматологиялық, амбулаториялық, стационарлық көмек көрсетеміз. Біз емтихан, тесттер және басқа қосымша қызмет түрлері сияқты клиникалық диагностикалық қызметтерді ұсынамыз. МӘМС енгізілгеннен кейін оңалту орталықтарында немесе стационарлық көмек деңгейінде көрсетілетін халыққа оңалту емі қол жетімді болды. Бүгін біз мамандарды іріктеп алдық, амбулаториялық деңгейде оңалту көмегін көрсету үшін қосымша медициналық жабдық сатып алдық, - деген пікірін білдірді "Медикер Астана" жекеменшік клиникасының Бас дәрігері Ботагөз Қалдыбекова.

Орталықтың отандық медицина нарығында жұмыс істеп тұрғанына 20 жыл толған. Клиника 2014 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыстарды орындап келеді.  

Айта кетейік, бүгінде "Медикер Астана" жекеменшік емханасы елорданың 12 мемлекеттік медициналық мекемесімен консультативті-диагностикалық қызметтерді көрсету үшін қосалқы мердігерлік келісімшарт жасасқан. Яғни, мемлекеттік емханалармен ынтымақтаса отырып, МӘМС аясында халықты тегін қабылдауды бастап кеткен.
 
0 пікір
Мұрағат