Медициналық сақтандырудың 5 артықшылығы
Медициналық сақтандырудың 5 артықшылығы
5 жыл бұрын 3015 bag.kz

Медициналық сақтандыру біріншіден, азаматтар ақылы емделу үшін артық ақша жұмсамайды, МӘМС жүйесі бойынша сақтандырылған адамдарға медициналық қызметтер тегін көрсетіледі, деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

 Қазақстандағы медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі 5 артықшылығы бар. Оның біріншісі отбасылық бюджетті үнемдеу. Қазақстандықтар жеке табысының басым бөлігін медициналық қызмет пен дәрі-дәрмекке жұмсайды. Мемлекет денсаулық сақтау саласына бір триллион теңгеге бөлсе, азамататрдың емделуге жеке қалтасынан шығатын шығын 600 млрд теңгеден асты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы кемшіліктерді түзейді. 2025 жылға қарай халықтың жеке шығыны 42 пайыздан 30 пайызға дейін қысқарады. Өйткені жұрт жиі пайдаланатын медициналық қымбат қызметтер - КТ және МРТ сақтандыру пакетіне енгізілген.

Екінші, бейінді мамандардың қызметі қолжетімді болады. Қазір бейінді дәрігердің қабылдауына кіру оңай емес – ол үшін бір ай бұрын кезекке тұру қажет, тіпті кейбір маман жалғыз өзі бүкіл бір қалаға қызмет көрсетеді. Ал МӘМС жүйесі енгізілсе, жағдай қалай өзгертеді?
Қаржы медициналық мекеменің көрсеткен қызметіне қарай және «ақша пациенттің соңынан ереді» принципі бойынша төленетіндіктен, емханалар әр адам үшін күреседі, яғни медициналық қызмет сапасы да артып, тиімді болады. Бірақ жеке меншік клиникаларда да қаралуға болатынын ұмытпаңыз. Олар да Медициналық сақтандыру қорымен бірге жұмыс істеп, емделушілерді сақтандыру бойынша қабылдауға дайын. Оның үстіне, консультациялық-диагностикалық көмекке бюджеттен бөлінетін ақша 5 есеге артады – 27 млрд теңгеден 148 млрд теңгеге дейін өседі.

Үшінші, терапевттер сапалы емдей бастайды. Қазір жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесі ауыр, олар әр пациентке жеке-жеке көңіл бөле алмайды. Бір учаскеде 2,5 мың адам тіркелген жағдайда науқастарға сапалы қызмет көрсету мүмкін емес. 2020 жылға қарай учаскелік дәрігерлердің жүктемесі 1,5 мың адамға дейін төмендеуі тиіс – қосымша учаскелер және жаңа амбулаториялық-емханалық ұйымдар ашылады. Осы шаралардың арқасында қазір емханалардың көпшілігінде әрбір дәрігерге 1,7 мың пациенттен келеді.

Төртінші, тегін дәрі-дәрмек жеткілікті болады. Медициналық сақтандыруға көшкен кезде тегін дәрі-дәрмекті кешіктіру және препараттарды дәріханалардан таппай қалу сынды мәселелер толық шешіледі, рецепт алу бойынша қиындықтар жойылады. Біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек сатып алуды орталықтандырып, дәрі-дәрмектің уақтылы таратылуын тұрақты бақылауда ұстайды. Осының арқасында тек соңғы жылдары 23,4 млрд теңге үнемделді, оның бір бөлігі тегін дәрі-дәрмекті қайта инвестициялауға жұмсалды. 2020 жылы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін адам саны 2 миллионнан 3,5 млн. артады. Бірінші кезекте балаларға көңіл бөлінеді.

Бесінші, Қазақстанда алғаш рет оңалтудың үшінші кезеңі пайда болады. Оңалту және қалпына келтіру еміне бөлінетін ақша 9 есеге артады, соның арқасында оңалту бағдарламасының ауқымы кеңейеді. Оңалту орталықтарында ауыр жарақат, инсульт, инфаркт алған науқастар денсаулығын қалпына келтіру емін қабылдайды. Егер қазір қазақстандықтарға оңалту көмегінің бірінші (ерте) және екінші деңгейі ғана қолжетімді болса, ал МӘМС енгізілген соң, оңалтудың үшінші кезеңі пайда болады. Елімізде жеке инвесторлар есебінен пациенттердің денсаулығын қалпына келтіру үшін барлық жағдай жасалған заманауи орталықтар салынуда.

0 пікір
Мұрағат