Медициналық сақтандыру қорының қызметін кім бақылайды?
Медициналық сақтандыру қорының қызметін кім бақылайды?
7 жыл бұрын 2938 Baq.kz Қымбат Елтайқызы

Міндетті медициналық сақтандыру қоры заңға сәйкес 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап сақтандыру жарнасын қабылдауға кіріскен еді. Заң бойынша биылдан бастап жарнаны жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар төлеп жатыр. Десек те, жұртшылық арасында қор қызметіне қатысты сауалдар әлі де көп. Соның бір ұшы қаржының тұтастығы қалай қамтамасыз етілмек, ұйым қызметін кім бақылайды деген мәселелерге келіп тіреледі. 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ресми сайтындағы мәліметтерге сәйкес, 2017 жылдың 16 қарашасына дейін қордың Ұлттық банктегі шотына түскен қаржы көлемі 20,7 млрд теңгеден асқан. Жалпы түскен соманың 81 пайызы немесе 16,7 млрд теңгесі жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары болса, қалған 4 млрд теңгесі жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.

Сонымен, сақтандыру қорының қызметі қалай бақыланады?

Қор қызметін бақылау ұйымның жалғыз акционері – ҚР Үкіметінің мойнында. Қор корпоративтік басқару жүйесіне негізделген. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның директорлар кеңесіне Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Елена Бахмутова, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов мүше. Тәуелсіз директорлар қатарында Гинтарас Кацявичус, Жаннат Ертілесова, Абылайхан Оспанов та бар. Сонымен қатар, қор жанынан құрылған Қоғамдық кеңеске Парламент пен ҮЕҰ өкілдері, «Атамекен» ҰКП мүшелері қабылданған. Сондай-ақ, ұйымның қаржылық есебі тұрақты түрде оның ресми сайтында жарияланып, БАҚ пен үкімет назарына ұсынылып отырады. Заң сәйкес, Қор өз активтерінің 30 пайызы көлемінде күтілмеген шығындарға (табиғи апаттар, техногендік сипаттағы оқиғалар т.б.) арналған резерв қалыптастырады. Өз кезегінде бұл ұйым қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етпек.

МСҚ инвестициялық қызметі Ұлттық банк арқылы жүргізіледі. Қор активтерін инвестициялық басқару операцияларын да еліміздің бас банкі есепке алып отырады. Оған қоса, қорда табыс пен шығынды үйлестіру тетіктері қарастырылған. Яғни, медициналық қызметтер жинақталған қаржының мөлшеріне қарай сатып алынады деген сөз.

«МСҚ түскен қаржыдан табыс табуды мақсат етпейді. Жинақталған қаржы толығымен медициналық көмекті сатып алуға жұмсалады. Десе де, азаматтар қажетті көмекті ешбір шектеусіз алатын болады», - деп түсіндірді сарапшы Серік Тәңірберген.

0 пікір
Мұрағат