Медициналық сақтандыру жарнасын төлемесеңіз, шетелге шыға алмайсыз
|
Сонымен, Қазақстан МӘМС жүйесіне көшуге тастүйін дайын. 1 қаңтардан бастап жұмыс істейтін азаматтар жалақысының 1%-ын, жұмыс берушілер 2% көлемінде Қорға жарна төлейді. Сақтандырылған азаматтар үшін халық жиі пайдаланатын, сұраныс жоғары медициналық қызметтер қолжетімді болмақ. Бастысы – пациенттердің мүддесін қорғайтын әрі тиімділігі дәлелденген, қолжетімді медициналық көмекпен теңдей қамтамасыз ететін жаңа "ойыншы" пайда болды. Бұл – Медициналық сақтандыру қоры. Бұл жайында bag.kz ақпарат көзі хабар таратты.
Бүгін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов БАҚ өкілдері, блогерлер және қоғам белсенділерімен арнайы кездесіп, тілшілердің көкейінде жүрген және медсақтандыруға қатысты халықты толғандырған барша сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.
2016 жылдан бері үш жыл болды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізумен тікелей айналысып келе жатырмын. Бұл реформаны "саяси талқылау бөлімі өз мәресіне жетті" десек болады. Жан-жақты пысықталып, айтылды, жазылды. Екі мәрте кейінге қалдырылды. Күмән мен кідірістер, дискуссия артта қалды. Нәтижесінде, шешім қабылданды. Ресми түрде енгізілуіне 2 апта қалды. Жыл бойы аянбай жұмыс істедік. Әртүрлі аудиторияны қамтыдық. Қоғамның әртекті өкілдерімен кездестік, пікірлерін білдік. Зерттедік, зерделедік. Көп жағдайда адамдарға дұрыс түсіндірілмей жатады. Дәл қазір барлық ұсақ-түйек тетіктер мен нюанстарды "толық қамтылды" деп сеніммен айта аламын. Әлбетте, кадр сыртында жұмысты қарқынды түрде жалғастыра береміз. Мұнымен тоқталмайды, - деп бастады өз сөзін министр Елжан Біртанов.
Министрдің айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесіне барынша халықтың көп бөлігін жұмылдыру, тарту басты мақсат болған. Шетелдік тәжірибе басшылыққа алынып, зерттелді, талқыланды. Бірнеше мемлекеттер жалпыхалықтық медсақтандыруға кезең-кезеңімен өткен екен. Яғни, бірден барша жұртқа емес, белгілі бір категорияға арнап енгізе бастаған.
Міндетті сақтандыруға халықтың 80%-ын жұмылдыруды көздедік. Оны 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасында да көрсеткен едік. Бұл орайда бірқатар мәселе туындағаны рас. Соның бірі – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Әлеуметтік осал топтағы адамдармен жағдай түсінікті болды. Бізде арнайы деректер базасы бар. Оған халықтың 97%-ы тіркелген. Бәрін көріп, қадағалап отырмыз. Былайша айтқанда, шағын "халық санағын" өткіздік десек болады. Бәрі көз алдымызда тұр. Шамамен 550 мың адамды, яғни халықтың 3% бөлігін таппадық. Бұл – еш жерде тұрақты тұрмайтын, көбісі шетелге кетіп қалғандар. Арасында қайтыс болып кеткен адамдар да бар. Тіркеу барысында 44 мың дүние салған адамдарды анықтадық. Мұндай жағдайлар ауылды жерлерде көп кездесті. Туған туысқандарының айтуынша, қайтыс болған, алайда тиісті құжат берілмеген, - деді спикер.
Бұл орайда Елжан Біртанов халық өз денсаулығына жауапты әрі елдің әр азаматы сақтандырылуға міндетті екеніне назар аударды.
"Менің денсаулығым мықты, міндетті медсақтандыру жүйесін қолданбаймын, маған керек емес" деген болмайды. Барлық азамат төлем жасауға міндетті. Мемлекеттік кірістер департаменті бәрін қадағалайтын болады. Мәселен, мүлік салығын төлемегеніңіз үшін қарызыңыз болса, шетелге шыға алмайсыз. Сол сияқты медсақтандыру үшін қарыз болсаңыз, шетелге жібермейді. Бұны білу – маңызды, - екенін шегелеп айтты.
Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінде азаматтардың 88%-ы сақтандырылды. Министрлік бұл тұрғындардың кім екенін, немен айналысатынын біледі.
Азаматтар өздігінен барып жарнаны төлейді. Бұл – олардың міндеті. Біз ортақ пул құрып жатырмыз. Барлығы салым жасауы тиіс. Тұрғындар кез келген екінші деңгейлі банктер мен арнайы терминалдар арқылы төлем жасай алады. 1 қаңтардан бастап жұмыс істейтін азаматтар жалақысының 1%-ын, жұмыс берушілер 2% көлемінде Медициналық сақтандыру қорына жарна аударады. Төлеуге қауқарсыз және ақша таба алмайтын азаматтар үшін мемлекет төлейді, - дейді ол.
Біртанов халықтың қалған 20%-ын мүлдем медициналық көмексіз қалдыру аса қиын әрі тәуекелді іс екенін айтты. Ол 2015 жылы "барлық негізгі медқызметтер МӘМС арқылы болады, ал кепілдендірілген көлем тек шұғыл жағдайларда ғана көрсетіледі" деген идея болғанын еске салып өтті.
Халық үшін мұның тиімсіз болатынын түсініп, үкімет бұл модельден бас тартқан екен. Халықтың біраз бөлігі жүйеге тартылмағанын көріп, ТМККК пакетін қалдырды.
Біз шамамен қанша қаржы жинай алатынымызды білеміз. Соған қарай қандай медициналық қызметтерді сатып алатынымызды есептейміз. Басты міндет – артық шығынға жол бермеу, көп жұмсамау. Бүгінде тапсырысты қабылдаушы мелекеттік медұйымдардың 100%-ы, ал жекеменшік клиникалардың 90% -ы цифрландыру аясында заманауи ақпараттық жүйеге "толғымен ауысты" деп айта аламыз, - деген пікірін білдірді.
Сонымен қатар, деректер базасын интеграциялау арқылы барлық ақпарат бір жүйеге топтастырылған. Кез келген аурухана мен емханаға барып, жеке куәлігіңізді берсеңіз жеткілікті. Сіздің ЖСН-іңіз – бұл ID болып саналады.
Еліміздің денсаулық сақтау саласында жаңа "ойыншы" пайда болды. Бұл – Медициналық сақтандыру қоры. Фонд тәуелсіз жұмыс істейді. Яғни, стандартты бюдетжетке тәуелсіз болады. Ол экономикадан қаражат жинайды. Кәсіпорындардан тікелей мақсатты салық алады. Медсақтандыру қоры – бұл жинақтаушы қор емес. Ең әуелі осыған назар аударған жөн. Бұл жерде келіп түскен ақша бірден жұмсалады. Осы қаражатқа қажетті медициналық қызмет түрлер сатып алынады. Фонд науқастардың таңдау жасауын ынталандыратын болады, - деп айрықша атап өтті денсаулық сақтау министрі.
Еліміздің бас дәрігері 2019 жылы денсаулық саласына бөлінген республикалық бюджеттің көлемі 200 триллионды құрағанын айтты. Келесі жылы бұл көрсеткіш 1,5 есеге артпақ.
Келесі жылы ТМККК мен МӘМС-ке бөлінетін бюджет көлемі бір жарым есеге артады. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі үшін 930 млрд теңге, ал міндетті медсақтандыру үшін 500 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Яғни, жыл сайын денсаулық саласына кететін шығындар артып келеді, - деп түйіндеді өз сөзін министр Біртанов.