Мал сүйегінен қолөнер бұйымдарын жасайтын шебер (видео)
|
Ақмола облысының Шортанды ауылында Бектас Кәрім есімді ерекше суретші тұрады. Оның басқалардан айырмашылығы – өнер иесі соңғы бірнеше жылдан бері малдың сүйегінен қолөнер бұйымдарын жасауды бастапты. Айтуынша, Қазақстанда мұндай бастаманы ол алғаш болып, қолға алып отыр. Себебі, басқа мүсіншілер сүйекті толығымен, яғни оны қаз-қалпында бір композицияға арнайды екен. Ал Бектас Кәрім болса, сүйекті ойып, одан түрлі бейнелер жасайды. Қазіргі уақытта суретші аудандық мәдениет үйінде еңбек етіп жүр. Онда өзінің арнайы мектебі де бар. Сүйектен түйін түюден бөлек суретші мұнда сахнаны әрлеу жұмыстарына да атсалысады. «30 жылға жуық тәжірибесі бар өнер иесі енді бар білгенімді жастарға үйретсем», - дейді. Бектас Кәрім, суретші: - Шәкіртім бар. Қазір менде 10 шақты бала осында келіп, дәріс алып жүр. Негізгі мақсат – өз білгеніңді ұрпаққа үйрету. Өзіңнің сүйектен жасаған дүниелеріңді кім үйренем десе, кім сұраса, соның жолын ұқтырып, көрсетіп, істеу жолдарын көрсету және балаларға да соны ұқтыру мақсатымыз.