Келесі жылдан бастап әйелдер зейнеткерлікке шығу үшін қосымша жарты жыл жұмыс істеуге мәжбүр болады
Келесі жылдан бастап әйелдер зейнеткерлікке шығу үшін қосымша жарты жыл жұмыс істеуге мәжбүр болады
7 жыл бұрын 3359

Келесі жылдан бастап әйелдер зейнеткерлікке шығу үшін тағы қосымша жарты жыл жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдер зейнет жасын ерлермен теңестіргеніне разы емес, деп хабарлайды stan.kz 31 арнаға сілтеме жасай отырып.

Рабиға Жалбиева бала-бақшада тәрбиешінің көмекшісі болып істейді. Балалардың 4 уақыт тамағын беру, артынан ыдыс-аяқ, төсек-орын жинап, топтың тазалығын қадағалау осы кісінің мойнында. Жасы ұлғайған соң жастар сияқты ширақ қимылдауға қауқарсыз әйел зейнеткерлікке шыққан соң демалам деп жоспарлаған. Енді зейнеткерлік жастың ұзартылғанына қапалы.

“Өкіметтің жұмысын былай жасаймыз, одан кейін үйге келген соң үйдің шаруасы тағы бар. Үйде де тамақ жасау, кір жуу оңай емес ол. Жасымыз болса уже жас емес ол. Қол-аяқ қақсайды, ауырмаған жеріміз жоқ”, – дейді  тәрбиешінің көмекшісі Рабиға Жалбиева.

Рабиға сияқты зейнеткерлікті асыға күтіп отырған әйелдер көп. Алайда халықтың пікірін ескере қоймаған үкімет зейнеткерлік жасты ұлғайту туралы заңды қабылдап тастады.  Енді 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 58 жасқа жыл сайын  жарты жылдан қосылып, 2027 жылы әйелдер еркектермен тең 63 жаста ғана демалысқа шығады.

Сондықтан 1959 жылы туған әйелдер жаңа заңға ілікпей тұрғанда жыл соңына дейін құжаттарды рәсімдеп үлгеруі тиіс.

“Қазіргі күнде біз 1959 жылы туған әйел адамдармен жұмыс істеп жатырмыз. Себебі ол кісілер осы жылдың аяғына дейін 58 жаста зейнетақыға шығуға құқылы. Жылдың аяғына дейін келіп, бізге құжаттарын, өтінішін тапсыруға міндетті”, – дейді Алматы қаласы бойынша әлеуметтік төлемдерді есептеу орталығының директоры Фарида Бакижанова.

Ал қыз-келіншектерге 63-ке келгенше шашылып қалмай, жұмыс істеуге қауқарлы болу үшін қазірден бастап қамданудан басқа амал жоқ. Қазақстанда орташа өмір сүру көрсеткіші 70 жас шамасында екенін ескерсек, зейнеткерліктің рахаты ұзаққа созылмайтын да сияқты.

0 пікір
Мұрағат