Катарлық инвесторлар Қазақстандағы сүт-тауар фермаларының құрылысын қаржыландырады
Катарлық инвесторлар Қазақстандағы сүт-тауар фермаларының құрылысын қаржыландырады
3 жыл бұрын 1852 forbes.kz

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Baladna Food Industries катарлық компаниясы директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі Айдан Тынанмен кездесті. Кездесу барысында тараптар сүтті бағыттағы мал шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Министр өз сөзінде сүтті мал шаруашылығын дамыту Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы тұжырымдамасының негізгі басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті.

Қазіргі уақытта 2021-2025 жылдары аралығында жалпы өндірістік қуаты жылына 597,7 мың тонна сүт өндіретін 106,8 мың басқа арналған 169 сүт-тауар фермасын іске қосу жөніндегі жоспар әзірленген.

Сүт-тауар фермаларының қосымша қуаттарын іске қосу республиканың ішкі нарығын 2024 жылдың соңына қарай отандық сүт өнімдерімен 100% - ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл сәйкесінше сүт өнімдерін өзге елдерге экспорттау көлемін ұлғайтады.

Бұл салаға шетелдік инвестициялардың келуі оның жоспарлы дамуына ықпал етеді. Бүгінде инвесторларға "бір терезе" қағидаты бойынша қызметтердің толық спектрі көрсетіледі. Сондай-ақ, инвестициядан кейінгі кезеңде де толық мониторинг жүргізіліп, әрбір инвестормен нақты жобалардың аясында барлық деңгейлерде тиісті жұмыстар атқарылады.

"Қазақстан Республикасының зор инвестициялық әлеуеті бар. Біз инвесторлар үшін тиісті жағдай жасау, инвестицияларға кепілдік беру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі тәуекелдерді барынша азайту үшін барлық қажетті жұмыстарды жүргіземіз", - деді министр.

Өз кезегінде Айдан Тынан Baladna Food Industries компаниясының қызметі және алдағы даму жоспарлары туралы айтып, сүт өнімдерін тұтынудың өсуі және халықтың көбеюі есебінен болашақта сүтті тұтыну тек арта түсетінін атап өтті. Айдан Тынанның айтуынша, Қазақстан Республикасының Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сүт және сүт өнімдерін экспорттаушы ел болуына барлық мүмкіндіктері бар.

Сондай-ақ, Айдан Тынан министрге Қазақстанның кәсіпкерлерімен кездесулер өткізгенін және онда бірқатар инвестициялық жобалар таныстырылғаны туралы хабарлады. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы 250-ден астам жоғары білікті жұмыс орындарын құра отырып, қуаты тәулігіне 150 тонна шикізат болатын ірімшік өндіру зауытын салу жобасы туралы айтты.

Тағы бір инвестициялық жоба Қостанай облысында жылына 106 мың тонна өнім шығаратын шикі сиыр сүтін өндіруге арналған 8 сүт-тауар фермасын салу болып табылады.

"Экспорттық әлеуетті дамыту және инновациялық экономиканы дамыту тұрғысынан ел алдына қойған мақсаттарды ескере отырып, Біздің кездесуіміз өте маңызды екенін атап өткім келеді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге және жан - жақты көмек көрсетуге дайын", - деді Ербол Қарашөкеев.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар келіссөздер нәтижелеріне сәйкес, барлық аспектілер бойынша ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаласты.

Baladna Food Industries - Катарлық сүт-тауар фермасына иелік ететін және жаңа табиғи сүт және сүт өнімдерін өндіруге маманданған ауыл шаруашылығы компаниясы. Компания Катардағы ең ірі азық-түлік және сүт өндірушісі, елдегі жаңа сүт өнімдерінің 95% - дан астамын өндіреді.

0 пікір
Мұрағат