Каспий теңізіндегі итбалыққа көз тіккендер көбейіп барады
Каспий теңізіндегі итбалыққа көз тіккендер көбейіп барады
4 жыл бұрын 1942 Құралай Қуатова

Былтыр Қызыл Кітапқа енген жануардың қырыққа жуығы ауланған.  Табиғат жанашырлары Каспийден құнды балықтармен қоса итбалықтардың да аулана бастағанын айтуда. Браконьерлердің ондай әрекетке баруына не себеп болғаны белгісіз, бұл итбалықтың майымен пневмония мен короновирусты емдейтіні жөніндегі алыпқашпа әңгімелермен байланысты болуы да мүмкін, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Қалай десең де қаскөйлердің теңізден аулауды көздейтіні – бекіре тұқымдас балықтар. Бұрын олар ауға итбалық түсіп қалғанда оны суға кері лақтырып жібереді екен, қазір теңіз жануарын қажетке жарататын болыпты. Инспекторлар осылайша былтыр 39 итбалықтың ауланған дерегін тіркеген. Бұдан бөлек, сойып, бөлшектеп алғандықтан анықталмай қалғандары да болуы мүмкін. 

«Бір жолы Қаражанбастың суға кеткен кемелер тұрған аумағынан терісі бөлек, майы бөлек алынған 18 итбалықты таптық. Соған қарағанда оларды бір жаққа жібермек болған сияқты», – дейді ҰҚК шекара қызметі жағалау күзеті екінші дивизионының командирі Фархад Мирманов. 

Ескекаяқтылар тұқымына жататын аң судан шығарып алғанда тез өліп қалатын көрінеді. Медицинада оның майын кейбір ауру түрлерін емдеуге, терісін су өткізбейтіндіктен ұстайтын, ұйықтайтын қапшықтар тігуге пайдаланатыны рас. Алайда, былтырдан бері елімізде итбалықтың да Қызыл Кітапқа енгізілгені өз алдына, браконьерлер бұрын-соңды оған бұлайша қызығушылық танытып көрмепті. Шекарашылар бұған бүгінде короновирус инфекциясын емдеп, алдын алуға итбалықтың майын жаратыны жөніндегі әңгімелер себеп болса керек деп санайды. Әзірге нақты себеп белгісіз, бұл – тек болжам ғана. 

Айта кетейік, Каспий итбалығы популяциясы мен көші-қон жағдайларын зерттеумен Қазақстанда NCOC компаниясы айналысады. 2019 жылы кәсіпорын Қазақстан мен Ресейдің жетекші ғылыми зерттеу ұйымдарының қатысуымен Каспий итбалығын зерттеудің 2019-2023 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын бастады.

Теңіз жануары 2012 жылдан кейін 2020 жылы бір-ақ зерттелген. NCOC компаниясының баспасөз қызметі берген мәліметі бойынша былтырғы әуеден жүргізілген зерттеу мұз қабаттарынан 280-350 мың итбалықты анықтаған. Дегенмен, оның нақты санын білу үшін үш жыл бойына зерттеу керек екен. Ал екі ел ғалымдарының мәліметі бойынша Каспий итбалығының саны XX ғасырдың басында 1,2 миллион болса, 2005 жылы 104 мыңға дейін, яғни 91 пайызға азайған.  

0 пікір
Мұрағат