Кәсіптік білімді тегін игеруге мүмкіндік беріп қоймай, шәкіртақы да төлейді (видео)
Кәсіптік білімді тегін игеруге мүмкіндік беріп қоймай, шәкіртақы да төлейді (видео)
7 жыл бұрын 2646 Baq.kz

Бұдан былай тек әңгімелесу немесе құжат тапсыру арқылы тегін білім алуға болады. Білім және Ғылым министрлігі жұмысшы мамандықтарына сұранысты арттыру мақсатында осындай жаңа жобаны бастады. "Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім" жобасы бойынша өзіңіз таңдаған мамандықтың иесі болып қана қоймай, шәкіртақы да аласыз. Тіпті, алыс ауылдан келсеңіз, жол құныңыз, жатын орныңызға дейін төленеді.

І курс студенті Сабина Жолыбаева кондитер мамандығын жаңылмай таңдағанын мақтан тұтады. Ешбір мереке тәтті өнімдерсіз өтпейді, сондықтан кәсібіме деген сұраныстың төмендемейтініне сенімдімін дейді. Бүгін де тіл үйірер тәтті тоқаш - торттарды пісіріп қана емес, әшекейлеудің де тәсілдерін меңгеріпті.

САБИНА ЖОЛЫБАЕВА, Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің студенті:

- Болашақта мен үлкен бір кондитерлік ашқым келеді. Қазақстанға келетін адамдар бізге келіп, сүйсініп, тамсанып кетсе деп армандаймын.

Жаңа оқу жылынан бастап Сабина сияқты ынталы жастардың қатары көбеймек. Енді Қазақстанның мемлекеттік және жеке 817 колледжінде "Тегін кәсіптік білім" жобасы басталды. Яғни, елімізде кәсіптік -техникалық мамандықтар толықтай тегін оқытылмақ. Оқу мерзімі базалықтар үшін 2 жыл 10 ай, ал қысқа курстар үшін 1 айдан 6 айға дейін.

"Тегін кәсіптік білім беру" жобасына 9 бен 11-сынып оқушылары толықтай қатыса алады. Ал мамандығын ауыстырғысы келген немесе жұмыссыз жүрген қазақстандықтардың да бұл тізімге ілігуге мүмкіндігі бар. Сонымен, 9 және 11 -сынып түлектері кез келген оқу орнына құжат тапсыра алса, бұл санатқа жатпайтын өзге азаматтарға:

1-Жұмыспен қамту орталығына бару керек;

2 - Құжат тапсыру керек;

3 - Тізімге тіркелу керек;

4 - Мамандық таңдау керек;

Айта кету керек, тегін оқу барлық мамандықтарға бірдей жүрмейді. Тек техникалық, технологиялық, ауылшаруашылығы және қызмет көрсету мамандықтарында болады. Ал...

ЕРНАТ ЖҮНІСОВ, ҚР БҒМ техникалық және кәсіптік білім департамент директорының орынбасары:

- Білім беру, өнер, медицина мамандықтары бойынша конкрустық өтеді. Ал экономика және құқық мамандықтары бойынша олар ақылы түрде жүргізіледі.

Сондай-ақ, бес облыстың шалғай аудандарында мобильді орталықтар ашылады. Яғни, әрбір мамандық бойынша курстық оқытулар жергілікті жерде жүреді. Ал "Тегін кәсіптік білім" жобасы алдағы бес жылда 673 мың адамды қамтуды көздеп отыр. 

0 пікір
Мұрағат