Кәсіпкерлерге кедергі келтіретін мемлекеттік органдар жауапқа тартылады
|
Атырауда жеке кәсіпкерлерге ең жиі кедергі келтіретін мемлекеттік органдар анықталды. Облыстық кәсіпкерлік палатасы мен «Нұр Отан» партиясының аймақтағы филиалы жүзеге асырған пилоттық жоба қорытындыланды. Іріктеу үш жүйе бойынша талдаудан өткен. Ол алдымен кәсіпкерлерге қуана көмек көрсететін, екінші – керісінше үнемі кедергі келтіретін және соңғысы – мүлде бейтарап мекемелер тізімі. Сараптау қорытындысына сәйкес, кәсіпкерлердің көңілінен шыққан мекемелер тізімінің басында тұрған орган – Мемлекеттік кіріс департаменті. «Сен тимесең, мен тиме» саясатын ұстанғандар қатарында Табиғи монополияларды реттеу департаменті мен монополияға қарсы инспекция бар. Ал қара тізімді Жер қатынастары басқармасы мен Сәулет-құрылыс басқармасы бастап тұр. Аталған жоба биыл да жалғасады дейді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар енді көзге жиі түскен мемлекеттік органдар саяси партияның пәрменімен жауапқа тартылмақ.
Ерболат Бектеміров, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
- Көп кедергілер кездеседі. Соларды жою үшін біз халыққа қандай кедергілер бар екенін жеткізуіміз керек. Біз оны қазір жойдық. Ал енді жер қатынастары бөліміне келер болсақ,біз былтырдан бастап ашық есік күндерін енгізген едік. Сол мекемеге ай сайын екі сағаттай уақыт бөлінген, халық сол жерге барып, ұнамаған мәселелерін көтереді. Республика бойынша біздің облыста бұл мәселе ең бірінші болып көтеріліп отыр. Нәтижесін көреміз, ары қарай осындай кедергілер жойылмаса, нақты шаралар қолданылатын болады.