Кәсіпкер Семейдің 10 жылдан бері «сақалды» құрылысқа айналған мешітін салып бермек
Кәсіпкер Семейдің 10 жылдан бері «сақалды» құрылысқа айналған мешітін салып бермек
7 жыл бұрын 4897 Марлан Жиембай

Семей қаласының тұрғындары 10 жыл бойы асыға күткен орталық мешіттің құрылысы қайта жанданатын болады. Құрылыс жұмыстары 19 маусымда басталатындығы жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кезінде Орталық Азияның бірегей мешіттерінің біріне айналады деп жария етілген нысанның құрылыс жұмыстары 2008 жылдың 1 мамырында басталған болатын. Құрылысқа қаланың орталығынан, Ертіс өзенінің үстінен салынған аспалы көпірдің жанындағы айналмалы жолдың қақ ортасынан  аумағы 3 гектарды құрайтын жер телімі бөлінді. Осы он жылдың ішінде нысан құрылысының мердігерлері талай ауысып, мешіттің жобасына да өзгерістер енгізіліп отырды. Алайда, қаржының жетіспеушілігінен құрылыс бірнеше рет тоқтап, ғимарат аяқсыз қалды. Бір кездері түрік демеушілері де мешіт құрылысын алмақ болып, араб инвесторлары да қызығушылық танытқанымен нақты іске барған емес. Қазақстандық кәсіпкерлердің де талпынысы нәтижесіз болды. Тіпті, арнайы «Семей» өрлеу» қайырымдылық қоры құрылып, мешіт құрылысына қаражат жинаумен айналысқан болатын. Дегенмен, жан-жақтан жиналған 200 млн теңге тек ғимарат пен оның төрт мұнарасының іргетасын қалап, қажетті коммуникация жүйесін тартуға ғана жеткен еді.
 

Енді міне жобаға жаңа инвесторлар тартылып, қазақстандық «ТAS Group» компаниялар тобы мешіт құрылысын қолға алмақ. Қаражатты «ТАСКРЕДИТ» қаржы компаниясы бөліп, «АHTAS Construction» құрылыс компаниясы бас мердігер болып белгіленген.

«ТAS Group» компаниялар тобының жетекшісі Дулат Тастекеевтің айтуынша, мешіт құрылысына 500 млн теңге бөлініп отыр. Құрылыс жұмыстары екі жылдың ішінде аяқталып, нысан қала халқының игілігіне табысталмақ.

«Атамыз Кеңес заманында «Ақсуат пен Екпінде екі мешіт салайық»,  деп хат жазамын деп біраз қудалауға ұшыраған екен. Кейін, 2009 жылы әкем туған ауылымыз Екпінде мешіт салып халықтың қошеметіне бөленді. Осыдан 5-6 жыл бұрын «әкем ауылда мешіт салды, енді біздің қолымыздан мұсылмандардың құлшылық үйін аудан орталығында, кейінгі ұрпақ облыстық деңгейінде салса ғой»  деген арман болды. Сол арман жетегімен 2015 жылы Ақсуат ауданындағы мешіттің құрылысын бастап, 2016 жылы бітірдік. Енді Семей қаласындағы мешітті салмақпыз. Семейдің облыстық мәртебесін айырылғаннан кейінгі мүшкіл халін көріп жаным ауыратын. Ал көпір тұсындағы  «сақалды» құрылыс болып қалған мешіт жүректі жаралайтын. Енді міне сәті келіп, құрылыс жұмыстарын бастамақпыз. Алла қаласа, құрылысын 1-2 жылдың ішінде аяқтап, туған қаламыз Семейге әдемі мешітті сыйға тартатын боламыз. Мешіт құрылысын жалғастыру туралы қала әкімшілігімен де ақылдастық, олар барлық жағынан қолдау көрсетеміз деп отыр», - деді Дулат Тастекеев.

null

Айта кетерлігі, Семей мешітінің жобасына өзгерістер де енгізілді. Бұл жобаны қолға алып отырған құрылыс компаниясы жергілікті табиғат жағдайларын ескермеген сәнді әрі салтанатты, бірақ қолайсыз эскизден бас тартты. Бастапқы жоспардағыдай қалалық мешіттің ғимаратында қатымхана болады. Жобалаушылар орталық мешіттің жанынан көлемді автотұрақты да ескерген. Мешітке бір мезгілде 2500 адам сыйып кетеді, автотұрақ 500 көлікке арналған.

2018 жылдың 19 маусымында Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің, Шығыс Қазақстан облысының, қаланың бас имамдарының қатысуымен құрылыс жұмыстарының басталуына орай ресми шара өткізілмек. Құрылыстың басында құрбан шалынып, құран оқылып, ас беріледі.

null 

0 пікір
Мұрағат