Жыл басынан бері менингококк менингитінен 15 адам көз жұмған
Жыл басынан бері менингококк менингитінен 15 адам көз жұмған
6 жыл бұрын 2931 bag.kz Зарина Әбілмәжінова

Жыл басынан бері 85 адамға менингококк менингиті инфекциясы диагнозы қойылған. Оның ішінде 51 жағдай Алматы облысы мен Алматы қаласында тіркелген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде менингококк инфекциясының эпидемиологиялық жағдайына арналған баспасөз конференциясында айтылды. 

Менингит - ми мен жұлын қабықтарының қабынуы. Менингит пайда болу себептері бойынша үш негізгі топқа бөлінеді. Бұл - менингококк, іріңді және серозды менингит.

"Менингиттің үш тобының ішінде менингококк менингиті қауіптірек болып саналады. Жыл басынан бері осы диагноз бойынша 15 адам көз жұмды. Қазіргі уақытта менингококктық инфекция диагнозы бойынша жағдай тұрақталды", - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Астанада менингококктық инфекция диагнозы бойынша бір адам емделіп жатыр. Науқастың денсаулық жағдайы тұрақты.

Сондай-ақ, жыл басынан бері Қазақстан бойынша 575 адам сероздық менингит диагнозы бойынша тіркелген. Оның ішінде 196 жағдай Астана қаласында тіркелген.

Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасының бастығы Садуақас Байғабұлов серозды менингит адам өміріне қауіп төндірмейтінін айтты.

"Серозды менингит диагнозы бойынша ауырған балалардың ата-аналарына айтарым - "дүрбелең тудыруға еш негіз жоқ . Ауру қарапайым суық тию сияқты жасырын өтуі мүмкін болғандықтан, дәрігерге уақытылы қаралу керек", - дейді ол. 

0 пікір
Мұрағат