Жыл басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 8,1 пайызға қымбаттаған
|
Ағымдағы жылдың қыркүйек айының 20-сындағы мәлімет бойынша 2016 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 8,1 пайызға қымбаттады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына ҚР Ұлттық экономика министрлігінен хабарланды.
2011 жылдан бері ҚР ҰЭМ Статистика комитеті әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасына апта сайын мониторинг жүргізеді. Оның тізбесі Үкімет қаулысымен бекітілген. Осы ретте аталған тізімде азық-түліктің 33 атауы енгізілген. Нәтижесі бойынша әрбір бейсенбіде аталған тауарлардың бағасына қатысты экспресс-ақпарат шығарылады. Онда есепті кезеңдегі бағаның өзгеруіне байланысты мәліметтер қамтылады.
«2016 жылғы 20 қыркүйектегі жағдай бойынша ағымдағы жылдың басынан бері әлеуметтік-маңызды азық-түлік тауарларына бағалар индексі 108,1 пайызды құрады»,-деп атап өтілген хабарламада.
Ұсынылған кестеге қарағанда, бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған нан орташа есеппен алғанда 17,9 пайызға қымбаттады. Зерттеу жүргізілген 18 қаланың ішінде осы өнімге ең үлкен өсім Петропавлда байқалған - 45,1 пайыз. Атырауда - 33,3 пайызға, ал Астанада - 32,4 пайызға жоғарылады.
Жармалардың арасында ең көп қымбаттауға ұшыраған қарақұмық болды, яғни ол 49,4 пайыз деңгейінде өсті. Өзге азық-түлік тауарларына баға біршама деңгейде ғана жоғарылады.