Жұмыссыздық туралы анықтаманы egov.kz арқылы алуға болады. Қазақстанда әскерге бармаған жігіттер әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін
Жұмыссыздық туралы анықтаманы egov.kz арқылы алуға болады. Қазақстанда әскерге бармаған жігіттер әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін
5 жыл бұрын 2658

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама беру қызметін енгізді. Бұл жөнінде ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Бұрын жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтаманы алу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына міндетті түрде жеке өтініш беру қажет болған. Бұл ретте анықтама бір күн ішінде қағаз түрінде берілді. Енді анықтаманы egov.kz-те онлайн тапсырыс беру арқылы лезде алуға болады.

«Біз әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді талдаған кезде, барлық мүмкін анықтамаларды электрондық форматқа аударатын боламыз, себебі қандай да бір инстанцияда анықтама беру бойынша қызмет көрсетудің өзі аса қиын процесс емес. Оларды алу үшін азаматтарға, мысалы, жұмыспен қамту орталығына баруға тура келді. Енді цифрландыру арқасында жеке барып өтініш берудің қажеті жоқ. Мұндай форматтың негізгі артықшылығы – бұл анықтаманы кез-келген жерден алуға болады, ең бастысы интернетке қолжетімділік болу керек. Болашақта мемлекеттік органдар базасында ақпарат бар болса, анықтама алудан бас тартқымыз келеді», – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев.

Электрондық үкімет порталында анықтама алу үшін басты бетте «Қызметтер» батырмасын басып, әрі қарай «жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөліміне өту керек. Қызметті таңдау арқылы авторизациялану, өтінімді толтыру, оны электрондық цифрлық қолтаңбамен немесе смс-парольмен куәландыру қажет (мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет). Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы анықтама бірден жеке кабинетте «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде пайда болады.

Қазақстанда әскерге бармаған жігіттер әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін

Бұл туралы azattyq-ruhy.kz ақпарат көзі бүгін осындай мәлімдеме жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Мұрат Бектановқа сілтеме жасай отырып хабар таратты. 

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне соғыс жағдайы міселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Осы құжатты талқылау барысында депутаттар әскерге уақытында бармаған ер азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс айтып, осы ұсынысқа қатысты Қорғаныс министрлігінің позициясын сұрады.

Журналистердің сұрағына жауап берген Марат Бектанов «осы ұсынысты қарастыратынын» айтты. «Заң әзірлейміз, әкімшілік жазаға тарту туралы тапсырма бар» деп жауап берді.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, қазіргі заңдарда әскери билеттің болу-болмауына қатысты не міндет, не жауапкершілік жоқ.

«Бұл қандай салдарға әкеп соғады? Қараңыздар, 2019 жылы еліміз бойынша әскерге баруға міндетті, 27 жасқа толған 48 мың адамның ішінен 9 мыңнан аса азамат қана әскери билет алды. Әскерге баруға міндетті 36 мың адам тиісті құжатын алмаған. Бұл тек бір жылдың ғана мәліметі. Ертең алда-жалда бұл әскерге міндетті азаматтар ел қорғанысына тартылатын болса, бірнеше күннің ішінде он мыңдаған адам қалай әскери билет алады? Сондықтан, менің ойымша, депутаттар дұрыс мәселе көтеріп отыр. Әскерге баруға міндетті азаматтар өз уақытында әскери  тіркеуден өтуі керек және қасақана жауапкершіліктен қашқаны үшін жауапкершілікке тартылуы керек», - дейді Нұрлан Нығматулин.

0 пікір
Мұрағат