Жетісайлық кәсіпкер пластикалық қалдықтардаы қайта өңдеп, кәдеге жаратуда
|
Орта және шағын бизнесті дамыту – елдегі жұмыссыздықты жоюда, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, өңірлердің экономикасын тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылатындықтан кәсіпкерлік қарқын алған жерде ғана экономикалық өрлеу, адами капиталдың өсімі болады. Бұл жайында dalanews.kz ақпарат көзі мәлім етеді.
Ал, нарықта тұтынушыларға қажетті, сұранысқа ие тауарлармен қамтамасыз ету – әлеуметтік тұрғыда елдің ахуалының жақсаруына алып келеді.
Әлемдік деңгейде орын алған эпидахуал кейбір кәсіпкерлердің ісіне кері әсер етсе, енді біреулеріне жаңа жобаларды жүзеге асыруына ықпал етті.
Карантинде қарап жатпай ауыл шаруашылығы саласындағы білімін бизнеспен ұштастырған жандардың бірі Жетісай ауданына қарасты Жылы су ауылдық округінің тұрғыны Қозыбай Әшеков. Қарапайым ауыл агрономы ұлы Алтаймен бірге қазіргі таңда пластикалық қалдықтардан (босаған баклашкалардан) мақта теретін комбайндарға аса қажетті шпиндельді щетка мен қалыңдығы 1мм болатын жіп шығарып жатыр.
Бұған дейін аталмыш щетканы көршілес Өзбекстан елінен тапсырыспен алып келген комбайн жүргізушілері ауыл азаматының қолынан шыққан өнімнің сапасының жоғары, бағасының арзан екендігін айтады. Бір комбайнға 96 дана кететін бір маусымға жарамды өзбексьандық щетканың әрбір данасы базар нарығында 4 мың теңге болса, Қозыбай Әшековтың қолынан шыққан екі маусымға жарамды өнімнің бағасы соның тең жартысы, яғни, 2 мың теңге тұрады. Осылайша отбасылық бизнесті дамытып отырған Қозыбай Әбдірашимұлы қолынан іс келетін ауылдың тағы бір тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Қолдағы барымен кәсіп ашқан азамат алдағы уақытта мемлекеттік қолдаумен несие алуға ниетті.
– Мемлекетіміздің жүйелі саясатының нәтижесінде жыл сайын кәсіпкерлерге жасалатын мемлекеттік қамқорлықтардың қатары артып, берілетін несиелердің суммасы да көбейіп келеді. Біз де сол бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген пайызбен несие алуды, алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтсек, өнім көлемін арттырсақ деген жоспардамыз, – дейді Қозыбай Әшеков.
Бүгінде қол күшімен ғана жұмыс жүргізіп отырған азаматтар күніне 25 данаға дейін шпиндельді щетка жасап жатыр. Өткен жылы 28, биыл 40-қа тарта комбайнға өнім дайындаған азаматтар тапсырыстың күн санап артып отырғанын айтады.
Айта кетейік, Қозыбай Әшековтың отбасы шпиндельді щетка шығарумен ғана емес, сонымен қатар, жылы жай, бау-бақша өсіру ісін де дұрыс жолға қойған. Бүгінде ауылдың 60 пайызын жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етіп келеді.
Елдегі шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар жеке кәсіппен шұғылданамын, кәсібімді кеңейтемін деушілерге барлық мүмкіндіктерді беріп отыр. Бұл елдегі жұмыссыздықты жоюға оң әсері етері сөзсіз екені анық.