Жетісайда жомарт жандар тұрмысы төмен отбасыларға коттедж салып жатыр
Жетісайда жомарт жандар тұрмысы төмен отбасыларға коттедж салып жатыр
6 жыл бұрын 2388

Жетісай ауданында жомарт жандар тұрмысы төмен отбасыларға коттедж салып беріп жатыр деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі. 

Фото: KAZ.NUR.KZ

Аудандағы «Нұғман» орталық мешітінің бас имамы Бекзат Сыздық бұған дейін жергілікті кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен сегіз отбасыға баспана сатып алып берілгенін айтты. Биыл қалталы азаматтар тұрмысы төмен отбасыларға үй салып беруді мақсат тұтыпты. Оған жекелей азаматтар өз аттарынан демеушілік танытып қоймай, «Зекет» аудандық қайырымдылық қорына келіп түскен қаржы да жұмсалады.

"Біз бұған дейін де көмекке мұқтаж отбасыларға баспана сыйлап келдік. Биыл оны өздеріміз салуға шешім қабылдадық. Жиырма шақты азаматтың әрқайсысы жүз қап цемент алып келді. Тағы бір жігіт 10 мың кірпіш беремін деп отырмын. Осылай асарлатып жұмысты бастап кеттік. Алла қаласа биыл күзде үйлер пайдалануға беріледі" ,-деді қайырымды жандардың бірі Тәйтен Ержан.
Фото: KAZ.NUR.KZ

Мейірімді жандардың бұл бастамасын жергілікті биліктегілер де қолдаған. Әкімдік тарапынан Қазыбек ауылдық округінен 30 сотық жер бөлініп берілген. Қазіргі таңда бір қабатты коттедждердің іргетасы қаланып қойды.

Айта кетерлігі, бой көтеретін коттедж саны – алты. Әрқайсысында он бөлмеден болады. Бір баспана екі отбасыға табысталмақ. Демек, әр жанұя бес бөлмелі үйде тұрады. Онда барлық жағдай қарастырылмақ. Электр жарығы, су, көгілдір отын секілді қажеттіліктерді коммуналдық мекемедегілер көмек ретінде жүргізіп береміз деп уәде беріп отыр.

Фото: KAZ.NUR.KZ
"Үнемі қайырымдылық шараларға белсене араласып, ауданымызға еңбегі сіңген иманды, қамқор жандардан құралған алқа мүшелері бар. Бұл үйлер солардың шешімімен мұқтаж отбасыларға табысталады. Біз бірінші кезекте көпбалалы, асыраушысы жоқ және мүгедек жанды тәрбиелеп отырған жанұяларды назарға аламыз»" , - деді мешіттің бас имамы.
Фото: KAZ.NUR.KZ

Айта кетейік, бұған дейін жетісайлық кәсіпкер Рамазан айында берген зекет есебі ретінде көпбалалы отбасыға үш бөлмелі үй сатып алып берген болатын.

Ал оған дейін аудандық орталық мешітке қасиетті айда келіп түскен пітір садақа қаржысы есебінен 300-ге жуық отбасыға азық-түлік берілді. Рамазан айының соңғы екі күнінде жергілікті меценат өз қалтасынан тұрмысы төмен 300 жанұяның әрқайсысына 50 мың теңгеден таратпақ.

0 пікір
Мұрағат