Жетім балаларды тегін емдеу бастамасын Израиль мен Германия дәрігерлері қолдауда
Жетім балаларды тегін емдеу бастамасын Израиль мен Германия дәрігерлері қолдауда
7 жыл бұрын 2803 Ақмарал Шағатай

Астаналық дәрігердің әлеуметтік аз қамтылған отбасындағы және жетім балаларға тегін ота жасау туралы бастамасына Израиль мен Германияны қоса алғанда, бірқатар шетел мамандары да қолдау білдіріп жатыр. Бұл жөнінде бүгін Мағзұм Оңғаров журналистермен өткен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

«Жалпы, бұл идея, бұл қозғалыс осыдан шамамен жарты жыл бұрын пайда болған еді, бәлкім одан да көп уақыт бұрын шығар. 2016 жылы мен кішкентай емделушіге көмек қолын созуым керек болды. Оның басқа қалаға барып ота жасауы үшін, яғни, тұратын орны, жол ақысы мен күнделікті тамақтануына кететін шығындар үшін қаржылық көмек көрсетуім керек болды. Достарым, әріптестерім мен мейірімді жандардың арқасында қажетті сома жиналып, біз көмектесе алдық. Яғни, бұл эпизодты түрде болып тұрды. Осыдан кейін біраз уақыт өткенде менің көмекшілерім көшеден бетінің туа біткен ақауы бар баланы көріп қалды. Біз пластикалық хирургия саласындағы мамандар болғандықтан, баланы, оның ата-анасын кеңесуге шақырдық. Алайда, қиындықтар туындады. Себебі, оның құжаттары, яғни, туу туралы куәлігі жоқ. Бала құжат түрінде жоқ деуге болады. Ол туған қаладағы емханада оның тіркеуге тұруы үшін көмек қолын создық. Алдағы уақытта біз баланың бетіне ота жасайтын боламыз. Біз бар жағдайды клиника басшылығына түсіндірдік және ол өз кезегінде әлеуметтік аз қамтылған, жетім балалар үшін айына белгілі бір шекте тегін ота жасауға бізге рұқсатын берді. Айта кету керек, ТМД елдерінен, сондай-ақ, Израиль, Германия, Италия, Швеция, Украина, Ресей, Абхазия елдерінен көптеген әріптесіміз бізбен байланысқа шығып, бізге қолдау көрсететіндерін айтуда. Бүгін Санкт-Петербургтен үш хат келіп түсті», - деген дәрігер осы мақсатта балаларға ота жасайтын бірқатар маманмен байланысып, кеңесулер жүргізілгенін айтты.

Хирург Фейсбуктегі жарияланған постқа кейбіреулер наразылық білдіріп жатқанын да жасырмады.

«Біздің клиника ота шығындарының барлығын көтерсе, біздің демеушілеріміз емделушінің жол пұлы, қонақүй және тамақтану шығындарын толық көтереді. Біз бұл әрекетіміз арқылы Денсаулық сақтау министрлігімен, министрімізбен түсініспеушілік болғанын қаламаймыз. Министрлік өз жұмысымен, біз өз жұмысымызбен айналысамыз. Бұл үндеу жекеменшік, коммерциялық емханаларға қаратып айтылған болатын, осыны ескерулеріңізді сұраймын. Себебі, Қазақстанда медицина тегін, балаларға медициналық көмек көрсету тегін. Ал, жеке медицина орталықтары мұндай қызметтің барлығын ақылы негізде ғана жүргізеді. Ендеше, біздің жобаның аясында әлеуметтік аз қамтылған және жетім балалар үшін оны тегін жүргізу жайында ұсыныс жасалып отыр. Осы тұста кей адамдар «неге тегін дейсіңдер, біздің елде медицина онсыз да тегін» деп кейіс білдіруде. Иә, тегін. Ал, жекеменшік орталықтарда ақылы негізде. Біз сол жекеменшік медициналық орталықтардың бірі ретінде бастаманы қолға алып отырмыз. Біз бұл арқылы мемлекеттік ауруханалар мен емханалардың жұмысын жоққа шығарып отырған жоқпыз. Қазақстандық әріптестерім де кейін қалған жоқ. Қазір стоматолог, уролог секілді көптеген маман хабарласып жатыр. Олар мұны жақсы қабылдады. Қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілген азамат ретінде біздің еліміздің кішкентай тұрғындарына көмектесуге мүмкіндігіміз бар», - деді дәрігер.

Естеріңізге сала кетсек, астаналық хирург дәрігер Мағзұм Оңғаров 28 ақпан күні өзінің Facebook парақшасында жетім балаларды тегін емдеу үшін әріптестеріне кәсіби хирургтерден, травматологтардан, урологтар және басқа да білікті мамандардан тұратын команда құруды ұсынған болатын.

Небәрі бір тәуліктен кейін дәрігердің ұсынысы 20 мыңға жуық лайк жинап, бұл жарияланымды шамамен 17 мың адам бөліскен.

Сондай-ақ, дәрігердің игі бастамасына тек отандық әріптестері ғана емес, алыс-жақын шетелдегі ақ халат иелері де қолдау көрсетуге ниет білдірген.

0 пікір
Мұрағат