|
Жетім балаларды қорғау жүйесі күшейтілді: жаңа талаптар мен нақты бақылау
|
Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау жүйесіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді, - деп хабарлайды Dauletten.kz.
Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң 2026 жылғы 4 ақпанда күшіне енеді.
Енді соттылығы бар, психикалық немесе наркологиялық есепте тұрған азаматтар, сондай-ақ үстінен қылмыстық іс қозғалған адамдар бала асырап ала алмайды және қамқоршы болу құқығынан айырылады. Бұл шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар қамқоршылар мен асырап алған ата-аналар жыл сайын өз сенімділігін растауға міндетті болады. Балаларды алдымен жақын туыстарына, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда ерлі-зайыпты отбасыларға беру тәртібі заңмен нақты бекітілді.
Биыл кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізіліп, тәлімгерлік жүйе кеңейтілді. Қамқоршылық органдарының штаты да ұлғайып, мамандар саны үш еседен астам артты.
Қазіргі таңда елімізде 20 мыңнан астам жетім бала бар, олардың 82 пайызы отбасылық ортада тәрбиеленіп жатыр.
Жетім балаларға тәлімгер болғысы келетіндер міндетті оқытудан өтеді
KAZINFORM — Қазақстанда жетім балаларға арналған тәлімгерлер үшін міндетті сертификаттау енгізілді, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
2025 жылғы 30 сәуірде ҚР Оқу-ағарту министрлігі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгер болғысы келетін азаматтар үшін міндетті оқытуды енгізетін бұйрық шығарды. Оқу курсын аяқтағаннан кейін, тәлімгерге біліктілігін растайтын сертификат беріледі.
Оқытуды тәлімгерлікпен айналысатын ұйымдар жүргізеді. Кандидаттар жазбаша өтініш беріп, қажетті құжаттарды тапсырады. Оқу ұзақтығы екі аптадан аспайды. Курсты аяқтаған соң тестілеу өткізіледі, оны сәтті тапсырған азаматтарға сертификат беріледі.
— Тәлімгерлерді міндетті сертификаттау — ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға сапалы қолдау көрсетуді қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Дайындықтан өткен тәлімгерлер балалардың әлеуметтенуіне және ересек өмірге дайындығына тиімді көмектесе алады деп сенеміз, — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Тәлімгер болуға үміткер — ҚР кәмелетке толған азаматы, қорғаншылар мен қамқоршыларға қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс. Тәлімгерлік қызмет ақысыз түрде жүзеге асырылады және 10 жастан асқан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған.
Еске салсақ, Қазақстанда тәлімгерлік институты 2024 жылы енгізілген болатын. Оның мақсаты — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау көрсету. Бұл механизм тәрбиеленушілерді өз бетінше өмір сүруге дайындауға ықпал етеді.
Осыған дейін Қарағандыда алты баланы асырап алып, бірнеше жыл бойы қорлаған қамқоршыларға қатысты іс бойынша сот жалғасып жатыр. Отырыс барысында асырап алған отбасының жетімдерге тезек пен құрт-құмырсқа жегізгені анықталды.
Айнұр Тумакбаева