Жерлеуге арналған бір жолғы төлем қалай тағайындалады
Жерлеуге арналған бір жолғы төлем қалай тағайындалады
1 жыл бұрын 1211 inform.kz Дәулет Ізтілеу

Елімізде адам қайтыс болған жағдайда оның отбасына біржолғы төлем жасалады. Жерлеуге берілетін төлемнің бірнеше түрі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жерлеуге арналған жәрдемақы зейнеткерлер, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен мемлекеттік арнайы жәрдемақы алушылар қайтыс болған жағдайда тағайындалады. Жерлеуге арналған біржолғы төлем мөлшері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 35 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) немесе 120 750 теңге. Төлемді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне жүгіну арқылы, www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы, сондай-ақ, проактивті қызметпен алуға болады», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ҚазАқпарат тілшісі жолдаған сауалға жауабында.

Одан бөлек, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне 94 АЕК (2023 жылғы 1 шілдеден бастап – 324 300 теңге) көлемінде жерлеуге біржолғы төлем тағайындалады.

Бірақ, төлем қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан артық болмауы тиіс. Төлемді алу үшін тұрғылықты жері бойынша БЖЗҚ филиалына жүгіну керек.

«Сондай-ақ, зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан адам қайтыс болған жағдайда сақтандыру ұйымы зейнетақы аннуитеті шартында белгіленген мөлшерде, кемінде 35 АЕК (2023 жылғы 1 шілдеден бастап – 120 750 теңге) төлем жасайды», - дейді ведомстводан.

0 пікір
Мұрағат