ЖЕР-ЖЕРДЕН (АЙМАҚ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ)
ЖЕР-ЖЕРДЕН (АЙМАҚ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ)
10 жыл бұрын 6694
Еліміздегі ірі жылыжай кешені тұрғындарды өніммен толықтай қамтымақ (ФОТО)

Baq.kz ақпарат көзінің хабары бойынша Оңтүстік өңірі жеміс-жидек пен көкеніс дақылдарын өндіруде республика бойынша озық тұрған аймақтың бірі. Облыстың Ордабасы ауданындағы «Аделя» шаруа қожалығының 11 гектар алқапқа орналастырылған жылыжай кешені іске қосылғалы бері жыл сайын толласыз өндірілген отандық өнімдер алыс-жақын шет мемлекеттер нарығына да шығып үлгерді. Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемін арттыруда озық интенсивті - инновациялық ылғал үнемдеу технологияларды өндіріске ендіруде бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Аталған жылыжай Қазақстан бойынша ең үлкен кешендердің бірегейі болып саналады.

Аталған жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы Индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асқан болатын. Еліміздегі ең ірі жылыжай кешені болып табылатын бұл жобаның құны 2 574 млн теңге шамасын құрайды. 200 жаңа жұмыс орны құрылған жылыжайда жылына 8400 тонна қияр және қызанақ алу жоспарланған дейді аталған кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Жылыжайда франциялық RISHEL компаниясының заманауи жабдықтары орнатылған. Өндіріс желілері толық компьютерленген, жылыту, тамшылатып суару, перделеу сынды барлық үдерістер толығымен автоматтандырылған.

Жылыжай кешені қыс мезгілінде көкөністер құнының төмендеуіне, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға және де көршілес елдерден импорт көлемінің төмендеуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, компания көкөністерді Ресейге экспорттауда.

Жалпы облыс бойынша жылыжайлардың жалпы көлемі 907 гектарды құрайды, оның ішінде биылғы жылдың өзінде 187 гектар жаңа жылыжай құрылған. Биылғы жылы облыс жылыжайларынан 105 мың тонна көкөніс жиналды.

2014 жылы терең қопсыту технологиясымен мақта дақылы 37,0 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге ұлғайды. Мақта дақылынан орташа өнімділік облыста гектарына 26 - 27 центнерден айналды, ал терең қопсыту технологиясын қолданған шаруашылықтарда 35 - 40 центнерден өнім алынуда.

 Тамшылатып суғару әдісі 7 мың гектарға артып, бүгінгі күнге 34 мың гектарға жетіп, республикадағы көрсеткіштің 84 % құрады. Соңғы 13-14 жылда қаржы институты Оңтүстік Қазақстан облысының 238 шаруа­шылық субъектілеріне қолдау көрсетті. Ли­зинг немесе несие беру туралы 312 келі­сім­шарт жасалыпты. 2005-2013 жылдар ара­лығында облыста акционерлік қоғам бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен жалпы құны 3,2 миллиард теңге тұратын 14 жобаны қаржыландырды. Бұл, негізінен, табиғи жеміс-жидек сусындарын, өсімдік майларын, сүт өнімдерін, кондитерлік өнімдерді шығаратын, осы заманғы диірмен жабдықтарын, астық сақтауға қажетті, жылыжай кешендерін салуға керекті, тағы басқа бағыттардағы жаңа технологиялық құрал-саймандарды сатып алуға бөлінген инвестициялық қаражат.

 

Маңғыстауда электр энергиясы мен су тұщытатын ірі зауыт салынады

Baq.kz ақпарат көзі хабарлағандай, Маңғыстау облысында күн көзінен қуат алу арқылы электр энергиясы мен су тұщытатын ірі зауыт салынатын болды.

Инновациялық жобаны әлемде жасыл энергияны дамытуда тәжірибесі мол ірі халықаралық компанияның бірі жүзеге асырады. Инвесторлар жаңа зауыт құрылысына 85,5 миллион АҚШ долларын жұмсамақ. Бүгін жобаны дамыту үшін аталған компанияның Қазақстандағы өкілдігі мен Ақтау қаласының әкімдігі және ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтағы бөлімшесі арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Жаңа салынатын зауыт тәулігіне 150 МВГ электр энергиясы мен 10 мың текше метр теңіз суын тұщытады. «Күннен қуаттанатын өндіріс ошағының экологияға ғана емес, экономикаға да пайдасы зор»,- дейді мамандар. Тұщытылған 1 тонна судың құны 1 долларды құрамақ. Бұл – ауыз су тапшы өңір үшін тиімді баға. Инвесторлар жаңа жобаны екі жылдан кейін Астанада өтетін «Экспо» халықаралық көрмесіне қоюды көздеп отыр.

Еділ Жаңбыршин, Ақтау қаласының әкімі - Ақтау қаласында қазір алтының үстінде жаңа шағын аудан салынып жатыр. Көптеген өндіріс ошағы ашылып жатыр. Олардың бәріне су керек. Олардың бәріне электр энергиясы керек. Елбасы өткенде елімізге келгенде айтып кетті, осы мәселені шешіңдер деп. Осыған байланысты біздер инвесторларды тартып, мәселені түбегейлі шешу үшін осындай жобаларды қолға алып жатырмыз. Электр энергиясы мен су көзінен басқа жұмыс орындары ашылады. Жұмыс барысында 150-дей адам жұмысқа қабылдаймыз. Одан басқа жергілікті университетпен жұмыс жасап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жергілікті кадрлар дайындайды.

Манож Дивакаран, Халықаралық энергетикалық компанияның атқарушы директоры - Екі айдың ішінде құрылысты бастап кетеміз. Электр энергиясын өндіретін қондырғыны 13 айда құрастырып бітеміз, ал су тұщытатын цехтың құрылысы 15 айда дайын болады. Біз жаңа жобаны жүзеге асыру арқылы Қазақстан Президентінің жасыл экономиканы дамыту туралы тапсырмасын орындауға үлесімізді қосамыз. Мұндай зауытты күн көзі жеткілікті Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында да салуды жоспарлап отырмыз

 

Атырау облысында ортағасырлық Сарайшық қаласы жасақталады

Атырау облысында "Ортағасырлық Сарайшық" жобасын жүзеге асыру жоспарлануда, деп хабарлады Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы туризм бөлімінің өкілі Қарлығаш Бекбаева. Бұл жайында nur.kz сайты «КазТаг» ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты.

"Қазіргі таңда "Ортағасырлық Сарайшық" жобасы кезең кезеңімен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты - облыста бірегей, қызықты, тарихымыздан сыр шертетін нысанның құрылысын жүргізу, туристердің санын арттыру және ішкі туризм бойынша бірегей бағыт жасақтау", - деді Қарлығаш Бекбаева.

Оның айтуынша, жоспарланып отырған құрылыс аясында Махамбет ауданы Сарайшық ауылында, мемориалды кешеннен алыс емес жер белгіленіп қойылған, фор-эскиздік жобасы (нысанның суреті) Сарайшық құрылған көркемдік тұжырымдамаға сәйкес 2014 жылы жасақталған.

"Ағымдағы жылы эскиздік жобаны, макет пен туристік нысанның құрылысы бойынша ғылыми негіздемені жасақтау жоспарлануда. Содан кейін жобаның құны анықталады. Орал өзені бойында серуендеуге және су маршрутын дамыту үшін 2014 жылы теплоход алынды, ол болашақта экскурсиялық серуен мақсатында пайдаланылатын болады", - деп атап өтті Бекбаева.

Сарайшық (Сарай-Жүк, Сарайшық) - бастапқыда Алтын орданың сауда орлатықтарының бірі, кейінірек Ноғай ордасының астанасы болған.

Сарайшық тарихи шаһары Атыраудан 50 км қашықтықта, Атырау облысы Махамбет ауданының Сарайшық ауылының қасында орналасқан.

 

Павлодар облысында 4 мыңға жуық азамат ит-мысық ұстау ережесін бұзған

Baq.kz ақпарат көзінің хабарына қарағанда, өткен жылдың он екі айында Павлодар облысының аполиция қызметкерлері жергілікті өкілетті органдармен бекітілген ит-мысықты ұстау ережелерін бұзғаны үшін 3 538 адамға әкімшілік хаттама рәсімдеп, 618 939 теңге сомасында айыппұл салды.

 2015 жылдың 20 күні ішінде аталған заң бұзушылық үшін 157 адам ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2014 жылдың 20-тамызында Павлодар облысының елді мекенінде ит-мысықты ұстау және серуендету бойынша ережелер бекітілген болатын. Бұл ережелерді бұзған төрт аяқтылардың иелері әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі ҚР ҚК-нің 408-бабы (қаңғыбас ит-мысықты ұстау және оларды аулау ережелерін бұзу) бойынша жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ үш АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетсек, иттер және мысықтарды көпшілік пайдаланатын орындарда (ас үйлер, дәліздер, баспалдақ алаңдары, жертөлелер, шатыр астылары, лоджиялар, балкондар және қосалқы үй-жайларда), көп қабатты үйлер және тұрғын үй-жайлары жанындағы аумақтарда (иелеріне жеке меншік құқығы бойынша тиесілі тұрғын үй қоры үйлерінің жанындағы аумақтардан басқа) ұстауға, қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына әкелуге, дүкендердің саудалық және өндірістік жайларына, мектепке дейінгі және білім беру мекемелеріне, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы ғимараттарға, және де медициналық, емдік-профилактикалық денсаулық сақтау мекемелеріне әкелуге жол берілмейді. Жекелеген тұрғын үй қорында, ғимараттарда, және оларға тиесілі аумақтарда жердің иелерінің рұқсатымен немесе басқа да заңды тұлғалардың келісімімен ұстауға рұқсат етіледі. Иттер қоршауы жануарлардың қашып кетуіне мүмкіндік бермейтін, қоршалған аумақта, адамдар мен басқа жануарларға шабуыл жасай алмайтын жағдайда ұсталуға тиіс. Аумақта ит бар екені туралы кіреберісте ескерту тақтасы хабарламасы ілінуі қажет.

 

Қорқыт ата кешені EXPO-2017-ге дайын

BAQ.KZ ақпарат көзінің қаңтар айының 21-і күні таратқан хабарына қарағанда, Қорқыт ата мемориалдық кешені «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің қонақтарын қабылдауға дайын.

 Қызылорда облысының облыс әкімдігі хабарлағандай, Қорқыт ата кешеніне қазіргі заманғы қонақ үй, мейрамхана, намаз оқу бөлмесі, сауна және бассейн кіреді.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында кешенді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылды.
Мемориалдық кешеннің биіктігі 2,5 метр. Оған соңғы үлгідегі құрылыс материалдары пайдаланылған. 2015 жылы жаңадан бой көтерген тарихи орынға сабантойды мерекелеуге Татарстан мемлекетінен қонақтар келеді деп күтілуде.
Сондай-ақ, кешенді Түркітілдес мемлекеттердің саммитіне қатысушы елдердің өкілдері тамашалайтын болады. Ал, мемориалдық кешенде 2017 жылы EXPO-2017 халықаралық көрмесінің қонақтары бас қосады.

 

Шымкентте $15 мыңға қызметті уәде еткен шенеунік сотталды

Шымкентте балабақша меңгерушісі қызметіне орналастырамын деп 15 мың доллар пара алған орталық стадион директоры орынбасары сотталды. Бұл жайында nur.kz сайты хабар таратты.

Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадион директорының орынбасары Б.Құнанбаев Әл-Фараби аудандық сотында айыпталушы ретінде жауап берді. Оған  Қылмыстық Кодекс 177 бабының 3 бөлігінің "б" тармағы бойынша айып тағылды.

Сот отырысында директордың орынбасары беймәлім делдал арқылы жәбірленуші П.Сапаровадан "1 айдың ішінде қаладағы балабақшалардың біріне меңгеруші ретінде жұмысқа орналастырып беремін" деп 15 мың доллар алғаны мәлім болды.

Жәбірленуші өз куәлігінде бұл ақшаны екінші дәрежелі банктердің бірінен несиеге алғанын, алданып қалмау үшін сотталушыға нотариус арқылы қарыз келісімшартын түзіп бергенін айтты.

Сапаровадан балабақша меңгеруші қызметіне отырғызамын деп 15 мың доллар алғанымен Құнанбаев сөзінен тайып, алған қаражатты да қайтармай, өз қажетіне жұмсағаны анықталды.

Сонымен Әл-Фараби аудандық соты Б.Құнанбаевты кінәлі деп танып, оған осы баппен 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Содан кейін тағайындалған жазаны шартты деп есептеп, 2 жыл сынақ мерзімін белгіледі.

 

Алматыда 40 зауыт жергілікті өнімдерді шығармақ

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, Алматы қаласының Алатау ауданында орналасқан индустриялды аймақта құрылыс қарқынды жүргізілуде. Биыл 28 жобаның 3-уі аяқталады. Ал қалған өндіріс нысандары соңғы 2 жылда іске қосылмақшы. Бұл бастама сырттан тонналап тасымалданатын тауаларды шектейді. Ал Алматыда кәсіпорын салуға Қытай мен Малайзия және Түркия елдерінен де өтініш түсуде. 

Еуразия аумағында бұрын соңды болмаған жылыжай Алматыда ашылмақ. Қазір аталған нысанды ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс қарқыны осы жылдың тамыз айында аяқталып, қыркүйекте қияр мен қызанақ көшеттері отырғызылмақ. Ал 12 гектар аумақты қамтитын жылыжайдан желтоқсан айында 7 жарым мың тонна көкөніс жиып алу көзделуде. Кәсіпкер Жанат Байбосынов, бұл бизнес жоспар алдағы 40 жыл бойы іске асады деп отыр. Ал индустриялды аймақтағы жер телімін әкімдік тарапының арзан бағаға жалға беруі-идеясының іске асуына сеп болған. Оған қоса, су мен жарық және көгілдір отынды аталған нысанға жеткізу әрі логистика мәселесін реттеу жергілікті әкімдіктің мойнында екен. Есесіне, бизнесмен 150-ге жуық жаңа жұмыс орнын ұсынбақ.

«Индустриялды аймақ өте жақсы жерде орналасқан. Мына жердің жан-жағына үлкен жол түсейін деп жатыр. Сол сырттан келген көліктер, қалаға кірмей шет жағынан өнімімізді алып шыға береді. Маркетологтардың есебі бойынша, біз алматының тек қана 17 пайызын жауып отырмыз. Қалғаны сырттан келіп жатқан өнім. Болашақта біз осындай 2 жылыжай салу ойымызда бар», - деді кәсіпкер Жанат БАЙБОСЫНОВ.

0 пікір
Мұрағат