Жасөспірімдерге ата-анасының рұқсатынсыз әлеуметтік желілерге тіркелуге тыйым салу ұсынылды
|
"Ақ жол" фракциясының депутаты үкіметтен 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салуды сұрады, - деп хабарлайды «Tengrinews.kz» ақпарат көзінің тілшісі.
Кеңес Әбсәтіров кеңейтілген отырыс барысында Халықаралық балалар күнінде балаларға қатысты мәселелерді көтеру керек екенін айтты.
"Еліміздің "Балалардық құқығы туралы" Заңының 36-бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы әлеуметтік, ақпараттық, үгіт, насихаттың кері әсерінен сақтау керек. Осыған байланысты балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік желілерден қорғауымыз керек. Мысалы, 2015 жылдың соңында суицидті насихаттауға арналған парақшаларға қазақстандық 1863 жасөспірімнің тіркелгені анықталды. Халықаралық ұйымның мәліметінше, Қазақстан 10 жылдан бері жасөспірімдер арасындағы суицид жөнінен әлемдегі алғашқы үш елдің қатарына кіреді", - деді Әбсәтіров.
"ЮНИСЕФ-тің 2013-2014 жылдарға арналған есебінде Қазақстанда бірнеше жыл бойы жасөспірімдердің өліміне негізгі себеп суицид болып отырғаны айтылады. Бұған әлеуметтік желілерге еркін кіру, Интернеттен суицид туралы ақпараттарды оңай алуға мүмкіндіктің болуы себеп. Жақында ғана Алматының аудандық соты осы бағытта насихат жүргізетін екі парақшаны жапты", - деді депутат.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілердің тағы бір қаупі - терроризм, радикалдық ұйымдарды насихаттау.
"Осы деректердің барлығы жаңадан өсіп келе жатқан балалардың денсаулығына психологиялық, физикалық тұрғыда, кейде өміріне де әсер етеді", - деді ол.
Ол бұл мәселелерді шешу үшін еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйену керек екенін айтты. "Ақпарат құралдарында Еуропарламенттің 2017 жылдан бастап 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге ата-анасының рұқсатынсыз тіркелуге тыйым салу мәселесінің талқыланып жатқаны жазылып жатыр. Сонымне қатар, eMarket компаниясы 11 жастан кіші әрбір бесінші баланың Facebook парақшасы бар екенін хабарлады. Еуроодақтың қаулысына сәйкес компаниялар балаларға ата-анасының рұқсатынсыз әлеуметтік желілерге тіркелуге тыйым салу жүйесін ойластыруы тиіс. Мұндай шара айтылған мәселелерді шешуге көмектеседі деп ойлаймын. "Ақ жол" фракциясы әлеуметтік желілерге салынатын мұндай шектеуді Қазақстанда да енгізуді сұрайды", - деді ол.
Қазақстанда балалар әлеуметтік желілерге басқа елдегі қатарластарына қарағанда жиі кіреді
Қазақстанда балалар әлеуметтік желілерге басқа елдегі қатарластарынан көбірек кіреді, - деп хабарлайды «Tengrienws.kz» ақпарат көзінің тілшісі "Касперский зертханасына" сілтеме жасап.
Зерттеу мәліметтеріне сенсек, қазақстандық балалар әлеуметтік желілерге компьютерлік ойындар мен Интернеттегі өзге де қызықты контент үшін кіреді. Қазақстандық балалар Интернеттегі белсенділігі жағынан Латын Америкасының балаларына ғана жол береді екен.
Сонымен, Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріндегі балалардың шамамен 43 пайызы интернет-коммуникация құралдарын (әлеуметтік желілер, веб-пошта, чат және сол сияқты бағдарламалар) қолданады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш бір жарым есе жоғары - 74 пайыз.
Ал мамандардың айтуынша, егер балалар әлеуметтік желілерге қызықпаса, онжа олар компьютерлік ойындарды көбірек қолданады. Ал ересектерге арналған сайттарға келер болсақ, сарапшылар балалардың мұндай сайттарға кіру жағдайларының азайғанын айтып отыр. "Бұл категория көп уақыттан бері көш бастап келген еді, бірақ жағдай өзгерді. Қазақстандық балалардың 1 пайызына да жетпейтін бөлігі эротика мен секс тақырыбын іздейді екен. Ал Қытайда балалардың 23 пайызы ересектерге арналған сайттарға кіреді", - дейді Зертхана сарапшылары.