Жануарлар әлемі: Павлодар тұрғыны масалардың шабуылын видеоға түсіріп алды
|
Павлодар облысының тұрғындары масалардың шабуылын видеоға түсіріп алды, - деп хабарлайды “Tengrinews.kz» ақпарат көзінің тілшісі. Видеоны YouTube сайтына Аrman A есімді қолданушы жариялады. Роликтің сипаттамасында "Павлодар. Мұны көру керек. Масалардың шабуылы!" деп жазылған.
Кадрдан ат үстінде кетіп бара жатқан малшыға масалардың шабуылдап жатқанын көруге болады. Жәндіктен қорғану үшін ол бетіне бетперде киіп, көзілдірік тағып алған. Дегенмен бұл оны масалардан құтқарар емес. Сонымен қатар, жәндіктердің жануарлардың үстіне де жабысып алғанын көруге болады.
Айта кетейік, павлодарлықтар бірнеше уақыттан бері масалардың зардабын тартып келеді. Оларға, тіпті, кешкі уақытта үйден шықпауға кеңес берілді. Енді жергілікті прокурорлар масалармен күресетін фирмалардың жұмысын тексеруді қолға ала бастады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл Павлодарда масалармен күресуге 117 милион теңге бөлінген. 18 мамыр күні мердігер фирма Ертіс өзеніне 19 тонна уландырғыш зат тастады. Дегенмен қан соратын жәндіктердің саны бұдан азаймай отыр.