Жайықтың суы келмеске кетіп барады. "Арабтардың жасанды жауыны Жайықты құртқалы тұр"
Жайықтың суы келмеске кетіп барады. "Арабтардың жасанды жауыны Жайықты құртқалы тұр"
3 жыл бұрын 4983

Жайық жойылып барады. Су деңгейі күрт төмендеп, өзен арнасында атшаптырым аралдар пайда болған. Ал гидронысандар кеуіп қалған. Салдарынан өзен жағасындағы ауылдардың шаруашылығы шатқаяқтап тұр. Алдағы бірер жылда су тапшылығы болуы мүмкін. Жыл сайын қыруар қаржыға ұйымдастырылатын экспедициядан да пайда болмады - дейді қоғам белсенділері.  Жайықтың жағдайы жылдан жылға нашарлап барады. Биылғы көрініс мынау. Бұл туралы 24.kz ақпарат көзі мәлім етеді. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Мен дәл қазір Жайықтың қақ ортасында тұрмын. Бұрын өзеннің ортасына дейін жүзіп жетудің өзі мүмкін емес еді. Ал қазір міне жаяу келіп, серуендеуге де болады. Өзен осы жерден үзілгелі тұр. Қасықтай ғана су қалған. Үлкен қазан ортайса, кіші қазандардан қайран болмасы анық. Экологиялық апат салдарынан каналдар мен көлтабандар кеуіп кетті. Су болмағасын шөп шығымы да төмендеді. Тығырыққа тірелген шаруалар амалсыздан малын сатып жатыр.

Талғат Байкенов, шаруа қожалығының басшысы:

- «Южный регион» дейді ғой, Жаңақала, Ақжайық, Казталовка, ол жақтарда осылай су мәселесі шешілмейтін болса, шаруашылық тоқтайтын болар. Қазірдің өзінде біздер Жаңақала ауданының шаруа қожалықтары мал басын көбейтумен емес, азайтумен айналысып жатырмыз.  Мамандардың айтуынша, ирригациялық жүйелер қалыпты жағдайда болу үшін Жайықтың су деңгейі кемінде 6 метрге жету керек. Биыл көктемде өзен арнасы небәрі 3,5 метр ғана болған. Гидронысандарды жаңғырту үшін жауапты кәсіпорын сорғы станцияларын пайдаланып көрмек.

Шынболат Ермағамбетов, «Қазсушар» РМК БҚОФ Бас инженер-гидротехнигі:

- Жайық-Көшім суландыру жүйесі бар. Оған қазіргі таңда кіріп жатқан судың көлемі секундына бір-ақ текше метр. Ал салыстырмаға су орташа болған жылдарда 14-15, тіпті, 20 кубқа дейін кіретін еді. Биыл Киров-Шежін каналының 4-кезеңі деген жобаны іске асыруға кірістік. Келесі жылы іске қосылады. Мұның мақсаты Жайықтан насос қондырғысымен жүйеге су беру. Төрт су қоймасының деңгейін көтеріп, суландыруға болар еді. Сол төрт су қоймасында бүгінгі таңда 22 процент су қалды.  

«Алайда, Жайықтың су деңгейі төмендей берсе, қондырғылардан пайда болмайды». Экологтар осындай пікірде. Олар алдымен өзенге «ерекше қорғалатын аумақ» мәртебесін беруді сұрап отыр.

Арман Бектенов, эколог:

- 80-жылдары өзендерді ерекше қорғау туралы заң қабылданды. Алайда, тәуелсіздік жылдары құжат күшін жойды. Жайық суын пайдалануды реттемеу салдарынан осындай жағдайға тап болып отырмыз. Өзеннің мәртебесін заңды түрде қайтару керек. Шарасыз отыра берсек, алдағы 15 жылда Жайықтан біржола айырыламыз. Өзеннің өмірін арашалауды көздеген халықаралық зерттеулер, тіпті, депутаттар ұйымдастырған экспедициялар мен конференциялар да нәтижесіз.

«Қыруар қаражат жұмсалған бастаманың барлығы көзбояушылық» дейді қоғам белсенділері.

Злата Удовиченко, қоғам белсендісі:

- Көпшілік шаралар мен зерттеулердің бәрі пайдасыз болды. Халықаралық экспедиция да жыл сайын ұйымдастырылып келді. Алайда, оң өзгеріс байқалған жоқ. Керісінше жағдай одан әрі нашарлап барады. Мұндай көзбояушылыққа жол бермей, нақты қадамдар жасау қажет. Ресей Федерациясындағы Ирикла су қоймасы мен Сакмар өзенінен келетін судың мөлшері мардымсыз. 1996 жылы Қазақстан мен көрші мемлекет арасында Жайықтың көлемін бақылауда ұстау жөнінде келісім жасалған еді. Құжатта көрсетілген міндеттемелердің қаншалықты орындалып жатқанына қатысты инспекция басшысы пікір білдірді.

Ғалидолла Азидуллин, «Жайық-Каспий» бассейндік су инспекциясының басшысы:

- Ресей тарапы өзінің міндеттемелерін орындап отыр. Яғни, айтатын болсақ, су аз жылдары екі мың сегіз жүз млрд текше метр көлемінде су жіберу керек еді ең минималды түрде. Ал келіп жатқан судың көлемі одан көп екенін байқап отырмыз. Ғылыми жұмыстар қазір жалғасуда. Жүргізіліп жатыр. Ресей тарапымен бірлесе жұмыстануға келісім жасақталды 2020 жылы. Ал өзеннің түбі мүлде тазартылмаған.  

Марат Машекенов, БҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Өзеннің түбін қазғаннан ештеңе өзгермейді. Ештеңе де өзгермейді. Одан су да көбеймейді, дым да болмайды. Судың көзі негізі жоғарыдан келеді Ресейден. Бізде тек Жайықтың, көп болса 10-15 проценті ғана алатын су жиналады. Ол да жоқ қазір. Жайық қашан қалпына келеді? Бұл сұраққа министрдің өзі жауап бере алмады.

Серікқали Брекешов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Енді қазір нақты нелерін айта алмаймын. Бірақ, ол мәселе кеше ғана болған мәселе емес. Бірнеше жыл ондай мәселе көтеріліп жатыр. Қазір Ресей тарапымен сол жайлы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әрі қарай жұмыс жасай береміз. Әрі қарай енді көреміз. Айдың соңында мемлекетаралық кезекті ғылыми зерттеудің қорытындысы талқыланады. Ендігі үміт сол жиында. Ал қазынадан қаржы бөліп, қайыққа отырып алып, жыл сайын жалауалатып экспедиция ұйымдастырудың өзен арнасын  толтырмайтыны белгілі болды. Сондықтан нақты істер қажет.  

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов

Арабтардың жасанды жауыны Жайықты құртқалы тұр

Жайық өзенінің алаңдатқан жайы туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап қатты. "Табиғи апат" делінген. Алайда, заңгер Сағнадин Жұмағазы Жайықтың тартылуына қатысты өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлағандай, соңғы жылдары Жайық (Орал) өзені суының​ азаюына байланысты оның экологиялық жағдайы ерекше алаңдаушылық тудырып отыр.​

Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап Жайық өзеніндегі су ағынының көлемі біртіндеп азайып келеді. Мұның бірнеше себептері бар.

Біріншіден, бұл Жайық өзенінің бассейнінде аз сулы кезең циклінің басталуына байланысты.​ Бұл өзендердегі су деңгейі төмендеуінің жиілеуі кезеңіне,​ бассейндегі ағынды реттеуге, жерді жыртуға және орманды кесуге байланысты өзеннің гидрографиялық желісінің​ нашарлауына әсер ететін климаттық факторлар.

Жайық өзені бассейніндегі су​ жағдайын жақсарту бойынша​ шаралар қабылдау үшін ресей тарапымен Жайық өзенінің гидрологиялық режиміне бірлескен зерттеулер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.​

Осы мақсатта 2020 жылғы қазанда ірі өзендер бассейндерінде (Жайық, Ертіс және басқалары) зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың Бірыңғай жол картасы және оның тармақтарының орындалу мерзімдері мен оларды ұйымдастыру нысандарын нақтылаумен іс-шараларды іске асырудың жұмыс кестесі бекітілді.

Қазіргі уақытта қазақстандық және ресейлік сарапшылар бірыңғай Жол картасын жүзеге асыруға кірісті,-делінген министрліктің ресми сайтында.

Жайылған Жайықтың жойылып бара жатқаны дүйім жұртты алаңдатып отыр. Заңгеріміздің пікірі бойынша өзгелердің жасанды іс әрекеттері бізге қатты зиянын тигізіп жатыр.

"Биыл арабтар өз елінде жасанды жауын тудырғаны бәрімізге мәлім. Тіпті елдерін топан су басты емес пе?

Менің ойымша, солардың әрекеттерінің салдарынан табиғи үйлесімділік бұзылды да, соңы табиғи апатқа әкеліп соқты. Бұл сөзсіз. Ал енді әлемдік экологтар осыған тосқауыл қойып, араб әміршілігіне тіпті санкция жариялауы керек деп ойлаймын,- деді "Адырна" тілшісіне.

Сондай-ақ, заңгер келешекте бай мемлекеттер қатарына мұнайлы елдер емес, табиғи сұлулыққа ие, суы,өзені көп елдер кіреді, деп топшалайды.

"Біздің ағаларымыз өз қарабастарын ойламай, ата-бабадан қалған мирасты қорғаштауға бел буулары керек. Менің ойымша келешектегі бай мемлекет мұнайы бар мемлекет емес, керісінше суы көп, өзені мен көлі көп мемлекет ең мықты ел болады. Мысалы, алақандай Исландияны ала салайықшы...",- деді Сағнадин Жұмағазы.

"Адырна" ұлттық порталы  

Каспий теңізі тартылып барады

Қарт Каспийден де қуат кетіп барады. 130 өзен құятын алып айдынның мүшкіл халін жеткізіп, жаһанға сауын айтып жатқандар бар болғанмен, нәтиже аз. Бір ғана үміт – жаңа технологияның көмегімен өңірге жаңбыр шақыруды қолға алған. Бірақ, оның аяғы не болады? Белгісіз. Бұл екіарада өрістегі мал ауызға ілігер қылтанақ таппай қырылып та жатыр. Бұл туралы 24.kz ақпарат көзі мәлім етеді.

Эколог Орынбасар Тоғжанов өлкеге 1973 жылы нөсер жаңбыр жауғанын айтады. Уақыт өте келе бұл құбылыс 1990 жылы қайталанған.

«5 жыл бұрын күні бойы жауын-шашын болды. Одан кейін жөнді ылғал түскен жоқ. Бұл өзгеріс Каспий бассейніне ағатын өзендердің тартылуына әсер етті», – дейді ол.

Орынбасар Тоғжанов, эколог:

– 2016 жылы жауын-шашынның мол болғаны есте қалды. Бірақ, 1973 жылы мол түскен жаңбырға қарағанда 90 жылғы жаңбырдың мөлшері аз. Одан 2016 жылғы жаңбырдың мөлшері аз. Бірте-бірте алдыңғы деңгейден аз түсіп келе жатыр. Мұның барлығы да бүкіл ғаламдық климаттың жылынуына байланысты. Каспий теңізіне 130-дай өзен құяды. Ағын су көлемінің 80 проценті Еділден келеді. Жайық, Терек, Самур және Кура өзендерінің үлесі 6 пайыздан аспайды. Олардың бойына қоныстанған халық саны 50 жылда 6 есеге өсті. Сәйкесінше, ауыз суға сұраныс артты.

«Бұлай жалғаса берсе, мәселе тіптен қиындайды. Екі мемлекет бірігіп шешуі керек» - дейді мамандар.

Әділбек Қозыбақов, «Табиғи орта-батыс Қазақстан» ҮЕҰ өңірлік ассоциациясының төрағасы:

– Каспий теңізіне құйылатын Еділ мен Жайық өзендерінде су азайып, сондықтан Каспийге келетін судың мөлшері де азайып бара жатыр. Яғни, Қазақстан мен Ресей арасында мемлекетаралық келісім жасап, Ресей тарапынан суды алатын мекемелердің санын азайту керек ойлаймын.

Ербол Есқалиев, «КаспийБиоЭкология» серіктестігінің басшысы:

– Экологиялық мәселе техногендік себептерден туындап отыр. Мәселен, теңізге құйылатын Еділ өзені бойында 90 млн халық тұрады. Ауыз су, жылуға сұраныс артқан сайын арнадан алынатын су көлемі де өсіп жатыр. Бұған егістіктер мен бау-бақша дақылдарын суғаруға қажет ылғалды қосыңыз. Тараптардың ортақ келісімге қашан келерін алдағы уақыт көрсетеді. Әзірге аймақ әкімдігі елімізде бұрын болмаған жобаны қолға алды. 4 ауданда жаңбыр жаудыратын құрылғылар іске қосылды. Әрқайсы атмосфералық ылғал көлемін 30 процентке дейін көтеруге мүмкіндік береді. Жаңа технология Ресей, Корея және біріккен Араб әмірліктерінде оң нәтиже көрсеткен.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Сібір үшін «соғыс»: Су қымбат па, әлде мұнай ма?

Каспий мен Балқаш түптің түбі Арал теңізінің аяғын құшады. Қазақстанды «су тәуелсіздігі» декларациясын жариялаудың жаңа бір кезеңі күтіп тұр. Бір жұтым су - мұнайдан қымбат заман келе жатыр.

Тарихқа қарасақ, Қазақ хан-сұлтандарының басты соғыс аймағы - Түркістан мен Самарқан арасындағы стратегиялық сауда кенттерде көп орын алған екен. Заман өзгерді, дүние шыр көбелек айналды. Қазір ол аймақтың трансшекаралық өзен-суларының 70-80 пайызы өзге елдерге тәуелді. (М: Өзбекстан 70% сыртқа тәуелді)

Қытай мен Ресейдің ұзақ келешекке жоспарланған «су стратегиясы» биыл біртіндеп нәтижесін көрсетіп жатыр. Бізге «су қымбат па, әлде мұнай қымбат па?» дейтін таңдау түсері анық. Басқасы емес «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» Еділ мен Жайық тартылады десе кім сенеді?!

Алда стратегиялық мемлекеттік жобаға екі ірі нысан сөзсіз кіруі керек деп ойлаймын. Олар:

Сібір хандығы және Ібір-Сібір су стратегиясы.

Сібір хандығы біздің тарихи стратегиялық құндылықтарымыздың кем-кетік тұсын толықтыра түседі. Негізінде біз «Сырдың бойынан шықпайтын тарих» жазғанымыз үшін көбірек Ресейдің саяси провокациясына ұшырап жатамыз. Ібір мен Сібірді игерген біздің төл тарихымыз ескерусіз кетіп жатады. Мәскеу біздің солтүстік аймаққа не үшін қызығады, өйткені, ол Сібір даласының ең жанға жайлы аймақтарының бір пұшпанағы. Бізде қалған тоқымдай аймақты тіліп алып, бірбүтін Сібірді қалпына келтіргісі келеді... Келешекте әлем алпауыт елдері Сібір үшін таласқа түспек, Қытай екібастан Сібірге қол салып жатыр. Алаш көсемдері Семей мен Қараөткелді неге армандады, ол да әне Сібірдің қаптал қолтығы болғаны үшін.

Ал, Ібір-Сібір проектісі біздің су стратегиямыздың жаңа арқау көзі болмақ. Шоқан мен Әлиханның Сібір жаққа аңсарының аууы текке емес. Түптің түбі осы аймаққа тәуелді боламыз, осы бастан соның ірі жобасын қолға алуымыз керек. Қазақ хан-сұлтандары Самарқан мен Тәшкен үшін соғысса, осы күні біз Сібір үшін «соғыс» салуымыз керек.

Қазір Ресей, АҚШ және Қытайдың «Арктика соғысы» жүріп жатыр. Біз Арктика үшін белдеспесек те, Ібір-Сібірге жақын аймақтарды игеруге барынша назар аударуымыз тиіс. Ол үшін ірі мемжобалар Сібірге түйіскен қалаларда орындалуы керек. Қыл қысқасы келешекте оңтүстік аймақ құбы шөлге, ал Арқа ыстық белдеуге өзгереді. Климаттың өзгерісіне сай солтүстіктегі шағын елді-мекендер болашақта зәулім мегаполиске айнала бастайды. (Оңтүстік аймақтардағы қалалар тарихи, мәдени қала-кент болып сақтала береді.)

Елдес Орда

Abai.kz

0 пікір
Мұрағат