Итке көлік белдігін тағуды талап еткен инспектор жазаға тартылмақ
Итке көлік белдігін тағуды талап еткен инспектор жазаға тартылмақ
9 жыл бұрын 2985 Baq.kz

Петропавл қаласында көлік жүргізушісін тоқтатып, салонда отырған итке белдік тағуды талап еткен жол-патрульдік полицияның инспекторы Марат Қиямов тәртіптік жазаға тартылмақ, деп хабарлайды Вaq.kz Автомобилистердің қоғамдық одағына сілтеме жасап. 

Айта кетейік, бұл оқиға өткен айдың басында болған. Петропавл қаласының тұрғынын инспектор Марат Қиямов тоқтатқан. Мәселенің мән-жайын түсіндірудің орнына тәртіп сақшысы оған айқайлап, сотқа беремін деп қорқытқан. Сосын дөрекі сөйлеп, салонда отырған итке көлік белдігін тағуды талап еткен. Бұның бәрі бейнетаспаға жазылып қалған.

Осыдан кейін «ОСА» ұйымы Ішкі істер министрлігіне хат жолдап, мемлекеттік қызметкердің этикасын сақтамаған инспекторды жазаға тартуды талап еткен.

Бүгінде қызметтік тергеу аяқталды. Енді, оның ісі тәртіптік комиссияның отырысында қаралады. Соның қорытындысы бойынша инспектор Қиямов жазаға тартылмақ.  

Осы орайда айта кеткен жөн, ҚР Жол қозғалысы ережелерінде жануарларды көлік салонында қалайша тасымалдау қажет екені жазылмаған.

0 пікір
Мұрағат