Ислам даму банкі Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға шамамен $2 млрд бөледі
Ислам даму банкі Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға шамамен $2 млрд бөледі
5 ай бұрын 573 inform.kz Айдар Оспаналиев. Фото: primeminister.kz

KAZINFORM – OPEC халықаралық даму қоры ұйымдастырған форумда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Араб координациялық тобына кіретін ислам даму институттарымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ислам даму банкі арасындағы негіздемелік бағдарламалық келісімге қол қойды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Келісім биыл су шаруашылығы және көлік салаларындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін ұзақмерзімді инвестициялар тарту туралы бұған дейін қол жеткізілген келісімдерді бекітті. Осы мақсатта Ислам даму банкі $2 млрд дейін қаржы бөледі.

Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл қаржыландыруға дайын 16 жобаны дайындады. Олардың ішінде су қоймаларын, бөгеттерді, ирригациялық каналдарды, контрреттеушілерді және ілеспе инфрақұрылымды салу және реконструкциялау жобалары бар. Көлік министрлігі ұзындығы 500 шақырымнан астам республикалық маңызы бар автожолдарды реконструкциялау және салу бойынша 4 жобаны ұсынды.

Келісім табысты іске асыру және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлескен жобалардың орындалу барысына тұрақты консультациялар мен мониторинг жүргізуді көздейді.

Айдар Оспаналиев

0 пікір
Мұрағат