ХҚКО-да жаңа қызмет көрсету түрі пайда болды
|
Бүгін Астана қаласы Есіл ауданының №1 Халыққа қызмет көрсету орталығында, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С.Жақыпова, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер тағайындауға азаматтардан құжаттар қабылдау, жұмыссыз жандарды тіркеу әрі оларды әрі қарай еңбекпен қамту мәселелері бойынша кеңес беру жүргізілетін әлеуметтік қызметтер көрсетудің жаңа сектор жұмысын таныстырды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен және ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен, 1 сәуірден бастап, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсетудің жекелеген секторлары өз жұмысына кірісті. Бұған халыққа көрсетілетін қызмет сапасын көтеру мен ХҚКО мекемелерінің көмегіне жүгінетін адамдар легінің көп болуы түрткі болды. Аталған секторлар ашылғалы бері, ел бойынша орналасқан ХҚКО қызметкерлері базалық зейнетақы тағайындау, асыраушысынан айырылу жағдайына, мүгедектікке, бала туу мен оған күтім жасауға, жерлеу рәсімдеріне қажет, арнаулы жәрдемақы сынды басқа да әлеуметтік төлемдер жөнінде 42,5 мыңнан астам адамнан құжаттар қабылдап үлгерді», - деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Вице-министр, сондай-ақ, жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту үшін 237 ХҚКО-да жұмыспен қамту орталықтарының мамандарына 272 жұмыс орны ұйымдастырылғанын жеткізді. Осылайша, жұмыссыз ретінде тіркелгісі келген азаматтар, 199 жұмыспен қамту орталығынан тыс, ХҚКО мекемелерінде де барлық қажетті ақпаратқа қанығып, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының қатысушысы атана алмақ. «Атап өтерлік жайт, жұмысқа орналасуда мемлекет көмегіне мұқтаж азамат, ең алдымен жұмыссыз немесе өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған екенін анықтап алғаны абзал. Әр азаматтың әлеуметтік мәртебесін айқындай отырып, біз, жұмыссыз немесе өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған жандарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартудың нақты әрекеттерін атқаруға күш саламыз. Сонымен бірге, мемлекет «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорына жарна аударатын адамдар санын айқындауға мүмкіндік береді. Біздің министрлік жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы жеке тұлғалар дерегіне арналған мемлекеттік базада тіркелген ел халқын барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен толық салыстырып шықты. Қазіргі кезде, өңірлерде, үй-үйді аралау жолымен азаматтардың мәртебесін нақтылау жұмысы белсенді жүргізілуде. Жұмыссыз жандар өздігімен жұмыспен қамту орталықтарында, ХҚКО-да тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ әкімінде, «Қазпошта» АҚ бөлімшесінде немесе «электрондық үкімет» порталы арқылы тіркеле алады», - деп түсіндірді вице-министр. Ағымдағы айдын басынан бері жұмыс табуға байланысты мәселелермен елордалық ХҚКО мекемелеріне 464 адам келсе, оның 229-на жұмысқа орналасуға жолдама берілген.