Халық саны 50-ге жетпейтін ауыл тұрғындары ерікті негізде көшірілмек
|
Ұлттық экономика министрлігі адам саны 50-ге жетпейтін ауылдардың тұрғындарын даму әлеуеті жоғары аудандарға көшіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауылдарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының аясында шағын ауылдық жерлерде (тұрғын саны 50 адамнан аз) және даму әлеуеті бар ауылдық елді мекендер тізбесіне кірмеген ауылдардағы тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін республикалық бюджеттен қаржыландырылатын басқа елді мекендерге көшіру жөнінде жағдайлар берілетін болады. Осыған байланысты жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде көшіру қағидаларына тиісті өзгерістер енгізіледі. Алайда, ауыл тұрғындарын бір ауылдан екінші ауылға қоныстандыру мәселесі ерікті түрде, яғни тұрғындардың келісілген шешімі бойынша іске асырылады», - деп жазылған ҚазАқпараттың сауалына берілген жауапта.
Сондай-ақ, Экономика министрлігі «даму әлеуеті төмен» ауылдардың тізбесі қалай жасақталатыны туралы ақпарат берді.
«Ауылдық елді мекендердің даму әлеуетін айқындау үшін елді мекендердің басымдық көрсеткіштерін есептеу әдістемесі мен модельдері өзектендірілді. Өлшемшарттар 15 жиынтық көрсеткішті қамтитын мынадай 4 блокқа бөлінеді: демографиялық, инфрақұрылымдық, экономикалық және геокеңістіктік. Әдістемені әзірлеу кезінде 150-ден астам бағалау көрсеткіштері, оның ішінде халық санының өсу серпіні, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының жалпы қосылған құны, халықтың жұмыспен қамтылуының өсу серпіні, олардың ірі елді мекендерге жақындығы және т. б. қаралды. Осыны негізге ала отырып, ауылдық елді мекнедердің санаттары даму әлеуеті жоғары, даму әлеуеті орташа және даму әлеуеті төмен болып, жиынтық балл негізінде айқындалады. Осы жиынтық балл көрсеткіштері арқылы «даму әлеуеті төмен ауыл» айқындалады», - делінген министрлік жауабында.