«Халал» ұғымы біздің нарықта бизнес үшін қолданылады ма? (видео)
|
Халал өндірісін бір қалыпқа түсіру қажет пе? Басқа өңірді айтпағанда, бір Алматының өзінде халал қызметін ұсынатын 3 мыңға жуық мекеме бар екен. Шаһарда дүкен мен дәмхананы қоспағанда, фитнес клуб, монша, тіпті көлік жөндейтін орталықтарға халал тіркесін қолдануға әуестенген. Бұл қаншалықты дұрыс? Халал шұжық, халал су, бұл аз болса, халал қонақ үй. Бүгінде «халал» ұғымы біздің нарықта түбегейлі орнықты. Мынадай тауар белгісі көп өнімнен табылады. Осы орайда көкейімізде заңды сауал туындайды. «Халал» дегеніміз не өзі? Марат Сәрсенбаев, «Қазақстанның халал индустриясы» қауымдастығының төрағасы: - Халал – ол бизнес. Халал компания сертификат алғанда, дін таратайын немесе мешіт салайын деп алмайды. Оның жұмысы не? Осы логотип арқылы өнімін әрі қарай қозғап, оны дамыту үшін. Ал біздің жұмысымыз сол компанияны халал қылып, оның істеп жатқан өнімін халал қылып, тексеріп, соған жеткізіп көмектесу. Еліміздегі халал индустриясы қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев осылай дейді. Алайда, Қазақстан діни басқармасы өкілдерінің пікірі бұған кереғар. Ресми орган жетекшілері: «Халал бизнеспен астарлас түсінік емес. Керісінше ислами тұрғыдағы қазақи салт-дәстүрлер сақтала отырып жасалған өнім немесе қызмет түрі болуы тиіс», – дейді. Бейбіт Мырзагелдиев, ҚМБД халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі: - Барлық жерде халалды тықпалай беру дұрыс емес. Ол ұғымды әсте байқап, зерделеп, зерттеп пайдалану керек. Өкінішке орай, соңғы уақытта халықтың күмәні көбейіп кетті. «Халал» деп сыртына жазып қояды. Дегенмен» біз оны күмәнданамыз, біз халал емес деп ойлаймыз. Сондықтан, оның халал екенін дәлелдеу үшін арнайы контрольді күшейту керек. Халал шұжық дегенге халықтың көзі үйренді. Ал халал көлік жөндеу орны, халал монша, халал фитнес клуб. Бұл – біз үшін әзірше түсініксіз ұғым. Марат Сәрсенбаев, «Қазақстанның халал индустриясы» қауымдастығының төрағасы: - Мысалы, мына томат қалай халал болады деген сұрақтар көбінесе туып жатады. Қазір гендік модификация пайдалану бар. Мынаның құрамына пингвиннің генін, жоқ әлде балықтың генін қосатын болса, олар суыққа қатты шыдайды. Бірақ, біздің стандарт не дейді? Егер қызанаққа халал жануардың гені қосылса, оны харам деп айта алмаймыз. Ал,харам жануардың гені қосылса, ол харам болады. Куәлік беруші ұйым жеткілікті. Бірақ, мемлекеттік бақылау мен реттеу жоқ. Тіпті, елімізде «халал» ұғымы арнайы заңмен реттелмеген екен. Ғалымжан Доғалов, Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары: - Біздегі сертификат беретін ұйымдарды халықаралық деңгейде тіркеу қажет. Сол кезде әлемдік талаптарды алып, Қазақстанға енгізіп, «халал» деген белгісі бар өнімдерді сыртқа шығаруға мүмкіндік болады. Әзірге мұндай куәліктер емін-еркін беріледі. Бізде 3-ақ стандарт қабылданған. Мысалы, шұжыққа және қонақ үй қызметіне. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сондықтан, дін ісіндегі қағидаларға араласып, мемлекеттік ұстанымдарымен жүруді міндеттемейді. Халал шариғатқа негізделеді. Ал қаншалықты талаптардың сақталып жасалғанын ескеру – тұтынушының өз таңдауы.