|
Халал инвестиция 2025 жылы 25,5% табыс әкелді
|
ITS халықаралық сауда алаңы және «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AХҚО) Орталық Азия мен Кавказдағы исламдық қаржыға сәйкес келетін алғашқы биржалық қор – ITS Shariah ETF (тикер: ITSS) іске қосылғанының бір жылдығын атап өтуде.
2025 жылдың ішінде ITS алаңының өз индексі – ITS Shariah динамикасын бақылайтын ITSS қорының табыстылығы индекстің құрамына кіретін компанияларға дивиденд төлемдерін ескергенде, 25,5% құрады. Қызметі шариғат нормаларына сәйкес келетін АҚШ-тың аса ірі компанияларының 30 акциясынан тұратын ITS Shariah индексінің өзі 23,6% өсіп, S&P 500 индексінен (+16,4%) айтарлықтай асып түсті және ITS исламдық өнімінің әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті екендігін растады.

Исламдық қаржы: жаһандық өсім және Қазақстанның көшбасшылығы
Исламдық қаржы институттары мен құралдарында орналастырылған қаражаттың жалпы көлемі бес жылдың ішінде 80%-дан астам өсті: 2020 жылы 3,6 трлн доллар болса, 2025 жылы 6,5 трлн доллардан жоғары болды. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 7,5 трлн доллардан асады.
Бұл даму мұсылман елдерінің экономикасы мен халқының өсуіне ғана емес, сонымен қатар пайызбен несие беруге (риба), алып-сатарлыққа (гарар) және алкоголь, темекі, құмар ойын мен қаруға инвестиция салуға тыйым салуға негізделген дәстүрлі исламдық құралдарға мұсылман емес инвесторлардың қызығушылық танытуына да байланысты.
Қазақстан Исламдық қаржының даму индексі бойынша әлемде 19-орында тұр және бұл көрсеткіш бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Аймақта исламдық банкинг туралы алғашқы заңның қабылдануы, исламдық сукук облигациялары үшін инфрақұрылымның дамуы және АХҚО құрылуы ITSS сияқты өнімдердің пайда болуына жағдай туғызды.
«Исламдық құралдарды жөн көретін инвесторлар жаһандық нарықтарда айтарлықтай күшке айналып отыр. Бұл сұраныс сукуктан бастап исламдық финтехке дейінгі ауқымда жаңа сегменттердің дамуына серпін берді. Бүгінде әлемде 4500-ден астам шариғаттық индекс бар және ITSS индексінің табысқа жетуі – осы трендтің жаңа өңірлерге келіп жатқанының айқын мысалы», – деп атап өтті ITSS құруға қатысқан исламдық қаржы жөніндегі халықаралық сарапшы, мүфти Ибраһим Эсса.
«ITS ұжымы әуел бастан формалды «исламдық бренд» жасау емес, халықаралық стандарттарға толыққанды сай болуға ниет етті», – деп қосты муфтий.

ITS Shariah ETF: технология, индекс және нәтиже
ITSS 2025 жылғы 14 қаңтарда іске қосылды, алғашқы орналастыру сомасы 5 млн доллар. Қор ITS Shariah индексін қадағалайды (2023 жылдың тамызынан бастап есептеледі), оған шариғаттық іріктеуден өткен аса ірі 30 жаһандық компания, соның ішінде AMD, Apple, AstraZeneca, Caterpillar, Chevron, ExxonMobil, Microsoft, Nvidia, Tesla кіреді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ITSS жаһандық шариғаттық ETF ішінде ең үздік табыстылық көрсеткіштерінің біріне жетті. Салыстыру үшін: басқаратын активтері 1,95 млрд долларға тең американдық SP Funds S&P 500 Sharia Industry Exclusions ETF (SPUS) көрсеткіші – 19%, капиталдануы 729 млн долларға тең танымал Wahed FTSE USA Shariah ETF (HLAL) – 18,8%, ал Wahed Dow Jones Islamic World ETF (UMMA) жаһандық индексі – небәрі 5,4%. Сонымен қатар ITSS еуропалық және азиялық ұқсас индекстерден: iShares MSCI World Islamic UCITS ETF (+7,6%) және Invesco Dow Jones Islamic Global Developed Markets UCITS ETF (+7,6%) асып түсті.
ITSS өзіндік ерекшелігі – кіру шегінің төмендігі. ITSS акцияларын 10 доллардан сәл асатын бағамен сатып алу жеткілікті, оның үстіне Қазақстанның салық резиденттері үшін инвестициядан түскен табысқа салық салынбайды.
ITSS портфелі ай сайын қайта қаралады: 2025 жылдың ішінде 12 қайта теңгеру жүргізіліп, оның барысында тәуелсіз шариғаттық бақылау кеңесі эмитенттердің қарыз ауыртпалығын, табысының құрылымын және бизнес моделін талдады және қажет болған жағдайда құрамын түзетті.
«Біз Ислам қоғамдастығының қолдауына ризамыз және шариғаттың ең қатаң стандарттары бойынша құрылған қор жұмысының алғашқы жылында өзінің артықшылықтарын көрсеткеніне қуаныштымыз. ITSS – жай ғана шетелдік акциялар себеті емес. ITSS дегеніміз – күн сайын дүние жүзі бойынша миллиондаған адамға пайда әкелетін нақты өнім өндіретін және қызмет көрсететін ең сапалы жаһандық компаниялар», – деп атап өтті ITS басқарушы директоры Александр Диаковский.

«Біз жоғары табыстылықтың соңына түспейміз, қаржы активтерінің сапалы болуын және қатаң іріктеуді артық көреміз, бірақ қордың жұмысын бастаған алғашқы жылдың өзінде валютамен жылдық 25% табыстылыққа жетуі 2025 жылы ITSS-ке инвестиция салған мыңдаған мұсылман үшін тамаша нәтиже болғаны сөзсіз», – деп қосты Диаковский.
Шариғатқа сәйкестік және әлеуметтік жауапкершілік
ITS Shariah индексіне кіретін компаниялар көп деңгейлі скринингтен өтеді. Егер эмитент бір кезде шариғат талабына сәйкес келмейтін болса – мысалы, оның қарыз ауыртпалығы шариғат стандарты бойынша белгіленген шекті мәннен асып кетсе немесе бизнесінің бейіні тыйым салынған секторларға қарай ауысса, ол индексті келесі қайта теңгеру кезінде одан шығарылады.
2025 жылдың мамыр айында ITS және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қоры (Зекет қоры) Қазақстан мен Орталық Азияда исламдық қаржы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, ал қыркүйекте ITS алаңы ITSS дивиденд кірісінің бір бөлігін қайырымдылыққа бағыттады.
«ITSS – бұл мұсылмандарға табыстылығынан айырылмай, діни наным-сеніміне сәйкес инвестиция салу мүмкіндігі. Табысының бір бөлігін Зекетке аудару міндеттемесі ITS –коммерциялық табысты қоғамға қызмет етумен үйлестіретін әлеуметтік жауапты компания екендігін көрсетеді», – деп атап өтті Зекет қорының басшысы Мақсатбек Қайырғалиев.

Исламдық инвестицияларды дамытудағы Қазақстанның рөлі
ITSS индексінің іске қосылуы ашықтық болуын, алып-сатарлықтан бас тартуды және бизнестің жекелеген секторларына инвестиция салуды шектеуді үйлестіретін исламдық инвестицияларға деген жаһандық сұраныстың өсуіне сәйкес келеді.
«Бұл жоба жай ғана жаңа қаржы құралы емес. Ол сенім қалыптастыруды және этикалық инвестицияларды дамытуды көздейді. Біз исламдық өнімдерге сұраныстың тек мұсылмандар арасында ғана емес, сондай-ақ капиталын өз құндылықтарына сәйкес салғысы келетін инвесторлар арасында да тұрақты өсіп жатқанын көріп отырмыз. Қазақстанның және жалпы біздің өңір инвесторларында мұндай мүмкіндік көбірек болуы керек және ITSS – осы бағыттағы маңызды қадам», – деді Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығының төрайымы Мәдина Тұқұлова.
