Ғалымдар мал азығына арналған инновациялық қоспа жасап шығарды
Ғалымдар мал азығына арналған инновациялық қоспа жасап шығарды
2 жыл бұрын 1267 bag.kz

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Юрий Балджи бастаған бір топ ғалымдары 20 жылдан бері сапалы мал азығын зерттеумен айналысып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Мал азығы - ауылшаруашылығы саласындағы тағы бір маңызды мәселенің бірі. Жыл өткен сайын мал азығын дайындау құзырлы органдардан бастап қарапайым шаруаның бас ауыруына айналды. Қазақстанның жер көлемі кең болғанымен мал азығының жетіспеушілігі және оның сапасының төмендеп кетуі байқалып отыр. Ең өкініштісі мәселе жыл өткен сайын күрделеніп келеді.

Біз көп жылдық жұмысымыздың нәтижесі ретінде бүгін астана маңына үш құрама жем өндіру цехтарын ашып, жұмысты бастап кеттік. Өнімнің атауы «BioFeed». Бұл фитобиотикалық жем қоспасы. Ірі қара малдың өнімділігін арттыру үшін дайындалатын өнім. Малдың ас қорытуының физиологиялық процесстерін ынталандыруға арналған, биологиялық белсенді заттардың көзі болып табылады. Екінші жағынан биологиялық белсенді азық қосымшасы малдың иммунитетін көтеруде септігі мол,- дейді Юрий Балджи.

Биологиялық белсенді қоспаны дайындау үшін экструзия тәсілі қолданылады. Экструзия жемнің тағамдық құндылығы мен қауіпсіздігін арттыратын баротермиялық процесс. Ол температура мен аса жоғары қысымның әсерімен жем құрамындағы барлық мал организіміне және өнімге әсер ететін зиянкестерді жою. Осыдан кейін, азықтық дәрумендер мөлшерлемелері аса дәлдікпен қоспаға енгізіледі. Бұл процесс аяқталған сәтте қоспа ширатылып, кептіріледі.

Егер экструзия әдісі қолданылмаған жағдайда малға берілген азықтың құнарлық көрсеткіші 50-55% ғана, ал экструзия әдісімен жасалған қоспаның құнарлығы 95% жетеді. Бұл өз кезегінде мал өнімінің ұлғаюына және етті малдың салмақ қосуына ерекше мүмкіндік береді. Бұл өнімді пайдалана білген шаруа қожалықтар өз кезегінде мал азығын екі есе үнемдейді.

Сондай-ақ, отандық өнімде фитобиотиктер қолданылатынын айта кеткен жөн. Ұзақ уақыт бойы мал азығындағы антибиотиктерді ауыстыру бойынша зерттеулер мен эксперименттер жүргізіліп келеді. Бүгінде антибиотиктердің көптеген баламалары бар – олар қышқылдандырғыштар, пробиотиктер, орташа тізбекті май қышқылдары. Осы тұста антибиотиктің орның басатын, бактерияға қарсы қасиеттері бар өсімдік сығындыларын ерекше атап өткен жөн.

Ғалымдар қоспаны дайындау процесінде азықтың құрамына фитобиотиктер қосылатынын ерекше атап отыр. Аталмыш қоспа жануарлардың денсаулығына және төлінің сапалы болып қалыптасуына да кепілдік бере алады.

Қазіргі кезде ғалымдарымыз ойлап тапқан өнімді жеке кәсіпкерлер көптеп сатып ала бастады. Сатып алған шаруа қожалықтарына ғалымдар тобы сынақ мерзімін бекітіп, белгілі бір уақытқа дейін шаруашылықтың мал азығы мен мал өнімділігін бақылап, зерттеулер жүргізіп келеді.

Алғашқы да ірі қара мал үшін дайындалған азық өнімі, қазір ұсақ малдар мен өзге де үй жануарлары үшін әзірленіп, ғылыми дәлелдер, тұжырымдар біріктірілуде.

0 пікір
Мұрағат