Ғалым Ғылмани атында мұражай ашылды
|
Астана қаласында орналасқан Садуақас қажы Ғылмани мешітінің қасынан: көрнекті дін қайраткері, артына қырықтан аса үлкенді-кішілі діни, әдеби еңбектер қалдырып кеткен оқымысты ғалым, ақын-жазушы, фольклорист, сондай-ақ 1946 жылдан бастап, 1953 жылға дейін Ақмола қаласы мешітінде имамдық қызмет атқарған, қазірдің өзінде аталмыш мешітке есімі берілген тұлғаның атында жаңадан Мұражай үйі ашылды.
Мұндағы мақсат: оқымысты-ғалымның заманында дінге сіңірген еңбегі мен қоғам қайраткерлігін болашық ұрпақ жадында жаңғырту болса керек. Мұражай экспонатында Садуақас қажының әр жылдары түскен фото суреттері мен қолжазбалары һәм кейбір жарық көрген шығармалары, өзі қолданған жеке бұйымдары қойылды.
Шараға қатысқан: ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Серік Ораз, филология ғылымдарының докторы, ғылманитанушы Дихан Қамзабекұлы тағы басқа қонақтар сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Іс-шараға діни қайраткердің бүкіл мұрасын түгіндеп, жоқтап жүрген ұрпағы Үкіжан мен Әмина Садуақасқыздары басқа да туған туыстары қатысты.