«G-Clobal» интерактивті алаңы видеоконференция өткізді
|
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде 2015 жылдың 8 сәуірінде «Ай тұлғасы» жобасы аясында «G-Global» интерактивті алаңында «Қазіргі қоғам құндылықтары: мәдениет пен өркениеттер сұхбаты» тақырыбында видеоконференция өтті. Видеконференция қазіргі замандық құндылықтар, мәдениеттер мен өркениеттер үнқатысуы, толерантты сана қалыптастыру мәселесіне қатысты өзекті сауалдарды жетекші отандық және шетелдік ғалымдармен талдау, пікір алмасу, сол арқылы әр түрлі елдер мен халықтардың жақындасуы мен өзара әрекеттесуіне ықпалдасатын рухани-адамгершіліктік дағдарыстан шығу, жаңа гуманитарлық парадигманы қалыптастыру бойынша практикалық ұсыныстар жасау секілді келелі мақсатқа негізделді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов, Философия және саясаттану кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ТЮРКСОЙ ғылыми-білім беру және мәдени орталығы, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ; Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ; АҚШ, Германия, Голландия, Франция, Финляндия, Испания, Греция, Түркия, Болгария, Оңтүстік Корея, Ресей, Әзірбайжан ғалымдары қатысып, кең ойларымен бөліскен видеоконференцияда мынадай мәселелер талқыланды:«G-Global» интерактивті алаңының мәдениетаралық диалог, ынтымақтастық, тарихи сабақтастықты дамытудағы рөлі; жаһандық ақпараттық қоғам жағдайындағы қазіргі замандық құндылықтар; жалпыадамзаттық құндылықтар дағдарысы және оны шешу жолындағы ізденістер; этносаралық және конфессияаралық толеранттылықты, әлеуметтік келісім мен тұрақтылықты қалыптастырудың қазақстандық тәжірибесі; әр түрлі елдер арасындағы мәдени алмасу, гуманитарлық байланыстарды дамыту және ынтымақтастықты тереңдету; жастарды рухани-адамгершілік және ұлтжандылыққа тәрбиелеу т.б.
Жалпы алғанда, бұл видеоконференцияда бас қосқан ғалымдар заманауи талаптардан туындаған сұрақтарға жауап іздегенін айтуға болады.
Қ. Сабыржанұлы