Енді қазақстандықтар Түркияға пойызбен бара алады
Енді қазақстандықтар Түркияға пойызбен бара алады
7 жыл бұрын 8643

Бұдан былай қазақстандықтар Түркия, Грузия, Әзірбайжанға жоғары жылдамдықты пойызбен бара алады. Бұл жобаны іске асыру 2018 жылдың соңына дейін жоспарланған, деп хабарлайды 24.kz арнасы. 

«Әзірбайжан темір жолдары» компаниясы өткен жылдың қазан айында ашылған Баку-Тбилиси-Карс бағытындағы жолаушылар пойыздарын іске қосуды жоспарлап отыр. Ойды жүзеге асыру үшін мамандар техникалық мәселелерді шешіп жатыр.

«Әзірбайжан аумағындағы рельстердің өлшемі 1520, ал Түркия аумағындағы рельс өлшемі 1435 миллиметрді құрайды. Бір рельстен екінші рельске өту үшін пойыздың дөңгелегін ауыстыру керек немесе бұл үдеріс автоматты түрде іске асырылатындай ету керек. Бұл талаптарға сәйкес келетін вагондарға тапсырыс беріп қойдық. Жылдың аяғына дейін жолаушыларды тасымалдауды жоспарлап отырмыз», - дейді «Әзірбайжан темір жолдары» жабық акционерлік қоғамының төрағасы Джавид Гурбанов.

Баку-Тбилиси-Карс бағыты бойынша жүретін пойыз бастапқы кезеңде бір миллионға жуық жолаушыны тасымалдап, Батыстан Шығысқа және Шығыстан Батысқа қарай баратын туристер ағымын көбейтуге ықпал етеді.

«Баку – Тбилиси – Карс бағыты Жібек Жолы аумағын басып өтетіндіктен, туризмнің дамуына зор үлес қосады деп ойлаймыз. Саяхатшыларға арналған арнайы пойыз шығару жоспарда бар. Бұл - Қазақстан мен Азия мемлекеттеріндегі туристер үшін Түркия мен басқа да мемлекеттерге баруына үшін зор мүмкіндік», - дейді Әзірбайжандағы Мәдениет және туризм министрлігінің баспасөз қызметшісі Вугар Шихмамедов. 

1 пікір
Мұрағат