Еңбек өтілі 10 жылдан зейнеткерлерге әр жыл үшін 2 пайыздан үстеме қосылады
|
Зейнатақы жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтып берді деп хабарлайды Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз мәлімдесінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ынтымақты зейнетақы көлемі (еңбектік) 8 пайызға, базалық зейнетақы басқа да жәрдемақы түрлері сияқты 6 пайызға өседі деп хабарланған.
Сонымен бірге, базалық зейнетақыны тағайындаудың әдісі өзгереді. Мәселен, бүгінде базалық зейнетақы төлемдері еңбек өтілі есепке алынбай барлығына бірдей беріліп келсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбек өтіліне қарай есептеліп бөлінеді.
Светлана Жақыпованың айтуынша, жинақтаушы зейнетақы қорына жиналған зейнетақы жарнасын ескере отырып, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі де, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі де еңбек өтілі есепке алынады.
«Мысал үшін, егер азамат келер жылы зейнеткерлікке шығады делік. Оның 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі ынтымақты зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілі 20 жыл болып, 15 жыл бойы зейнетақы жинақтау қорына үзіліссіз зейнетақы жарнасын төлеп келді. Осылайша, оның жиынтық еңбек өтілі 35 жылға тең болады. Жаңа жүйе әдісіне сай, егер еңбек өтілі 10 жылдан кем болған жағдайда, ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54% тағайындалады. Бұл сома келер жылы – 15274 теңге.
Еңбек өтілі 10 жылдан асатын болса, әр жыл үшін 2 пайыз үстеме қосылады. Егер жоғарыдағы мысалда келтірілгендей, жалпы еңбек өтілі 35 жыл болатын болса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі өмір сүру деңгейінің 100 пайыз көлемінде, егер еңбек өтілі 20 жыл болатын болса, ең төменгі өмір сүру деңгейінің 74 пайыз көлемінде тағайындалады», — деді вице-министр.
Дәл қазір Қазақстанда базалық зейнетақы алатын 2 млн 139 мың адам бар. Олардың 44,1 пайызы базалық зейнетақысы екі есеге көтерілетін болады. Бұл дегеніңіз, бүгінде зейнеркерлер 14 466 мың теңге алатын болса, 1 шілдеден – 28 274 теңге зейнетақы алады.
Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап, ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы да өзгереді. Бүгінгі күнгі мөлшер – 24 459 теңге. Құрылымның өзгеруі оның мөлшерін 16 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
Вице-министрдің айтуынша, барлық уақытта жинақталған зейнетақы төлемдері инфляция деңгейінен 2% артығымен төленіп отырады.