Еліміздегі құмар ойындарға тәуелділердің қарасы қанша
Еліміздегі құмар ойындарға тәуелділердің қарасы қанша
6 жыл бұрын 3030 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

«Хабар 24» ақпарат көзінің келтірген дерегіне қарағанда, елімізде 350 мыңдай адам букмекерлік кеңселерде ұдайы бәс тігеді. Яғни, еліміздегі құмар ойынға тәуелділердің қарасы осы шамада. Бір ғана спорттық бәс тігуден бір компанияның өзі жылына 250 млрд теңге табыс табады екен. Бұдан ең алдымен құмар ойынға тәуелділер, сонсоң оның отбасы зардап шегіп жатады. Қарызға батады, несие алады, түрлі қылмыстарға барады. 

Ал baq.kz ақпарат көзінің мәліметі бойынша ойынға құмар қазақстандықтардың орташа қарызының көлемі 10 млн теңгені құрайды.  Бұл туралы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясаттанушы Талғат Қалиев мәлімдеген. Еліміздегі ажырасқандардың әрбір жетіншісі осы құмар ойындардың жетегінде кететіндер болып отыр. Талғат Қалиев құқмар ойынға тәуелділердің емдеу шығынын букмекерлік кеңселерге жүктеу керектігін айтып қалды сөз арасында. Өйткені, жастар арасында кең тараған бұл әлеуметтік дерттің бір ұшы букмекерлік кеңселерде жатыр. Негізі талай шаңырақтың шайқалуына, балалардың тірі жетім қалуына себеп болып жататын құмар ойын бизнесіне оны есіртік саудасымен теңестіріп, заңмен қатаң тыйым салғанда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. 

«Соңғы 4 жыл ішінде ойын клубтары мен мекемелеріне қатысты 234 қылмыс жасалған, оның ішінде 81 ойын мекемесіне шабуыл жасау, 53 тонау оқиғасы. Үстіміздегі жылы 6 құмар ойындарына қатысты қылмыс жасау оқиғасы тіркелді. Тағы бір айтып өтетін проблема құмар ойын мекемелерінің ел аумағында заңды түрде тіркелмеуі, осы себептен бізге бақылау жүргізу қиындыққа түседі. Бізде құмар ойынның жетегіне кеткендерге қатысты іс көптеп қозғалады. Мысал келтірсек, Алматы қаласында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім ата-анасының рұқсатынсыз 2 млн теңгеден астам қаржыны букмекерлік кеңседе ұтысқа салып нәтижесінде жеңілген. Сол секілді өткен жылы Шымкентте құмар ойында қомақты ұтыстан айрылып, ызаға бөленген азамат өзінің анасын өлтірген. Осы секілді деректер жеткілікті», -деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма төрағасының орынбасары Мақсат Байболов 

0 пікір
Мұрағат