Елімізде туыстары рұқсат бермесе де, марқұмның ағзалары донорлыққа пайдаланылады
Елімізде туыстары рұқсат бермесе де, марқұмның ағзалары донорлыққа пайдаланылады
7 жыл бұрын 3770

Биыл e-gov порталында адам қайтыс болған соң ағзасын алуға рұқсат беретін, я қарсылығын қалдыратын қызмет іске қосылды. Десе де қоғам наразылығын тудыратын бір гәп бар. Яғни біздегі заң бойынша, марқұмның туыстары қанша жерден қарсы болғанмен, ағза бәрібір алынады. Дін өкілдері тұрмақ, заңгерлердің өздері бұл ережені өзгерту керек деп отыр, деп хабарлайды stan.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасай отырып.

Елде 2012 жылдан 2016 жылға дейін мыңнан астам ағза алмастыру операциясы жасалған. Негізінен бауыр, бүйрек, жүрек пен өкпеге. Ал, биыл тек 16 адам ғана донор болып, 50 жан құтқарылды. Қазір кезегін күткендердің саны 4 мыңнан асады.

Отандық мамандар олқылық орнын толтыру үшін батыстағы тәжірибені негізге алуды жақтайды. Мәселен, АҚШ-та адам ағзасын алуға рұқсат жүргізуші куәлігінде жазылады. Ал, бізде келісім презумпциясы. Яғни, егер адам көзі тірісінде ресми түрде донорлықтан бас тартпаса, оның ағзасын пайдалануға болады. Бұл мәселедегі шешімін қазір азаматтар тіркелген емханадан бөлек электронды үкімет порталында қалдыра алады.

«Егер электронды порталда жазылса, ішкі ағзаларымды ал десе, онда заң жүзінде дәрігерлер ала алады. Туыстарынан, ешкімнен сұрамай-ақ», – дейді Трансплантация бойынша республикалық координация орталық мекемесінің маманы Марат Мұхамеджанов.

Демек, марқұмның туыстарының қарсылығы заң жүзінде еленбейді. 

«Туыстарының, оның ішінде туыстары мұсылман болған, ақыл есі дұрыс, шынымен жанашыр туыстарының да рөлі дейміз ғой, орны бар шариғатта қарастырылады», – дейді Астана медресесі директорының орынбасары Қанат Оңғарбаев.

Белгілі Адвокат Айман Омарова да келісім презумпциясын заңсыз дейді. Бұл адам құқығын аяқ асты таптаудың айқын көрінісі деген пікірде.

«Біз бұл сұрақты бірнеше мәрте көтергенбіз. Егер ресми рұқсат қалдырмасам, ешкімнің менің ағзаларымды таратып, бөлуге құқығы жоқ. Бұл мәселеде үнсіз қалу келісімнің белгісі болмауы тиіс», – дейді адвокат Айман Омарова.

Адвокаттар өлгеннен кейін донор болуды насихаттау бизнеске айналмай ма деп алаңдайды. Ал, трансплантологтар бұл пікірді түбегейлі жоққа шығарып отыр. Донорлар көбеймей, өлім-жітім азаймайтынын айтады. Қалай болғанмен, заң реттелмей, түйткілдің түйіні тарқамайтыны анық.

0 пікір
Мұрағат