Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жазасы күшейтілді
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жазасы күшейтілді
1 жыл бұрын 805 inform.kz Айжан Серікжанқызы

Соңғы үш айда тұрмыстық жанжал бойынша жауапқа тартылғандар саны 4 есе артты. Бұған тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша заңнамалық өзгертулер ықпал етті. Бұл жөнінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

Министрлік Парламент депутаттарымен бірлесіп тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер енгізген.

«19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер заңды күшіне енді. Ең жиі кездесетін тұрмыстық қылмыстар бойынша «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелді адамға қатысты қылмыс жасау» санаты енгізілді. Енді тұрмыста денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтіру 3 жылдың орнына 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеліп соғады. Бұл тергеу кезеңінде тұрмыстық жанжал шығарғандарды оқшаулауға мүмкіндік берді», - деді министрдің орынбасары бүгінгі Үкімет отырысында.

Сондай-ақ биыл 1 шілдеден бастап әкімшілік заңнамаға бірқатар түзету енген.

«Мұнда қамауға алу мерзімі ұзартылды. Жасаған іс-әрекетке байланысты қамауға алу мерзімі кемінде 5 тәулікті көздейді. Алғаш рет жасалғандар бойынша 5, 10, 15 тәулік, ал қайталанған жағдайда 25 тәулікке дейін әкімшілік қамау тағайындалады. Бұрын мұндай құқық бұзушылықтар үшін көбіне 1-3 күн аралығында қамау жазасы берілетін», - деді И.Лепеха.

Сонымен бірге, татуласу рәсімі қатаңдатылды. Енді тек бір рет, сотта ғана татуласуға болады. Бұрын мұндай шектеулер болмаған еді.

«Тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің арыздану түрінен анықтау сипатына көштік. Бұрын жәбірленуші арызынсыз тұрмыстық жаңжалқойларды жауапқа тартуға негіз болмайтын. Осы себепті өтініштердің 60% бойынша полиция тиісті шара қолдана алмайтын. Ендігі түзетулер тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік іс бастауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда хабарламалардың 92%-ына әкімшілік іс қозғалады. Түпкілікті құқықтық бағасын сот береді», - деді министрлік өкілі.

Нәтижесінде, соңғы үш айда жазаға тартылған тұрмыстық жаңжалқойлар саны 4 есе өскен. Биылғы екінші тоқсанда осындай 7 мың адам жауапқа тартылса, үшінші тоқсанда – олардың саны 27 мыңға жеткен. Тиісінше, қамауға алынғандар саны 2 есе өскен.

0 пікір
Мұрағат