ЕЛІМІЗДЕ ТАБИҒИ АПАТТАРДЫ САҚТАНДЫРУ ҚЫЗМЕТІ ПАЙДА БОЛУЫ МҮМКІН
|
Қазақстанда табиғи апаттарды сақтандыру қызметі пайда болуы мүмкін. Бұл туралы 24.kz ақпарат көзі хабарлады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Дүниежүзілік банкпен бірге осындай тәуекелдерден қорғау тетігін әзірлеп жатыр. Жаңа құрал қалай жұмыс істейді?
Апат кезіндегі облигациялар табиғи және техногендік апат шығындарын жоюға бағытталады. Табиғи апаттан міндетті сақтандыру бағдарламасын Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып 2015 жылы Қырғызстан қабылдады. Тәжікстанда табиғи апаттар тәуекелін қаржыландыру стратегиясы бар. Өзбекстан да осыған дайындалып жатыр.
Табиғи апаттан сақтандыру
"Апат кезіндегі облигацияларды шығару техникалық көмек аясында қарастырылады. Енді оның тетіктерін пысықтау қажет" дейді агенттік. Дүниежүзілік банкпен бірлескен бастамаға құқықтық негіздеме керек. Бұл туралы LS сараптамалық агенттігі хабарлады. БҰҰ деректеріне сәйкес, республика аумағының 75%-і дауыл, көшкін, сел, су тасқыны, эпидемия, қолайсыз температура, жер сілкінісі, орман және дала өрттері болуы мүмкін өңірлерге жатады.
Нұржан Баймурзин, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма басшысының орынбасары: - Мұндай қауіптерден қорғау жүйесі бірнеше элементі қамтуы керек. Солардың бірі апатты жағдайға арналған облигациялар жүйесі. Осындай облигацияларды нарыққа орналастыру арқылы сақтандыру компаниялары табиғи апаттан кейінші шығындарды өтей алады. Бұл қаражат жинауға арналған кірісі мол құрал. Басқаша айтқанда, ол тұрақтылық пен апат қаупін жабу тетігі.
Бұл құнды қағаздардың кәдімгі облигациялардан айырмашылығы бар. Апат жағдайында инвесторларға төлем азаюы мүмкін. Экономикалық тұрғыда жағымсыз тұсы осы. Мамандардың айтуынша, мұндай өнімді халықаралық қайта сақтандыру бағдарламаларымен ғана іске қосуға болады. Осындай облигацияларды квазимемлекеттік сектор, жеке компаниялар, мемлекет қаржыландыратын мекемелер шығара алады. АҚШ пен Еуропа елдерінде сақтандырудың бұл түрі жиі қолданылады.
Қазақстандағы сақтандыру компанияларының 9-ы өмірді сақтандырумен айналысады. Ондағы қаражат шетел валютасымен есептеледі. 2023 жылдың соңында активтердің басым бөлігін бағалы қағаздар құрады. Олардың құны 1,7 трлн теңге. Екінші деңгейдегі банктердегі ақша мен салымдар – 5,5%, ал сақтандыру дебиторлық берешек 3% құрады. Өткен жылы сақтандыру төлемдері 47%-ға өскен. Қазақстандықтарға сақтандыру бойынша 244 млрд теңге төленген. Олар мүлікті және өмірді сақтандырудың көбеюімен байланысты.
САҚТАНДЫРУ АКТИВТЕРІ /2023 ж. желтоқсан/
Бағалы қағаздар – 71,6% (1,7 трлн теңге)
Ақша мен салымдар – 5,5% (134,0 млрд теңге)
Дебиторлық берешекті сақтандыру – 3,0% (74 млрд теңге)
Жол-көлік оқиғасын сақтандыру жеңілдеді
Қазір ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде жүргізушілер полиция мен соттың қатысуынсыз сақтандыру рәсімдей алады. Жеңілдетілген тәртіп биыл енгізілген. Ол үшін мемлекет «Еурохаттама» арнайы мобильді қосымшасын әзірледі. Оның көмегімен жүргізушілер оқиғаны өздері тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық шығынды өтеуге өтініш бере алады. Тек шарттары бар. Жол көлік оқиғасынағы көліктердің саны екеуден аспау қажет. Сақтандыру полисі болу керек және жүргізушілер өзара келісе алуы тиіс. Ал шығын 100 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек. Бұл шамамен 369 мың теңге. Сонымен қатар, оқиға салдарынан адам денсаулығына зиян келмеуі қажет. Қазақстандықтарға қосымшаның мобильді нұсқасы қолжетімді.
ӘЛЕМДЕ ТАБИҒИ АПАТ КӨБЕЙІП БАРАДЫ
«Апат айтып келмейді» деген бар. Әсіресе, жанартау, зілзала, дауыл, қар көшкіні, сел, топан су тәрізді табиғи апаттарды дәл болжау оңай емес әрі алдын алу қиын. Сөз жоқ, түрлі зерттеулер, бақылаулар арқылы жер бетінде болатын түрлі табиғи апат қаупін болжауға болады. Кейде қар көшкінін жарылыс арқылы қолдан жасап, алдын алуға, арнайы бөгеттер әзірлеп, су тасқынына қарсы даярлануға мүмкіндік бар. Бірақ жер сілкінісінің қашан болатынын болжау мүмкін емес, оның зардабын азайтуға бағытталған әрекет жасау да ұзақ уақыт пен мұқият қадағалауды, мол қаржыны қажет ететін іс. Жалпы жер бетінде зілзала жиі болып тұратын аймақтар бар. Ғалымдар оны баяғыда-ақ анықтап қойған. Дегенмен осы аймақтарда қуатты жер сілкінісі нақты қашан болатынын ешкім де айта алмайды.
Цитата
Насух Махруки, «Акут» іздестіру және құтқару қорының президенті: «Зілзала айтып келмейді. Түркия жер сілкінісі қаупі жоғары аймақта орналасқандықтан, одан келер қауіп-қатерлермен бірге өмір сүріп үйренуіміз керек. Кахраманмараштағы апат соны көрсетті. Сол себепті зілзала кезінде үрейге бой алдырмай, дұрыс әрекет ету қажет».
Естеріңізде болса, былтыр Түркия мен Сирия аумағында жойқын жер сілкінісі тіркелген еді. Ауқымы зор апаттан сол кезде 50 мыңнан астам адам опат болды. 120 мыңдай азамат жоғалып кеткен еді. Ал жуырда Жапония да жаратылыстың қаһарына тап болды. 220-ден астам көз жұмып, шамамен 200 азамат із-түзсіз жоғалып кетті. Үй-күйсіз қалған 20 мыңдай адам спорт мектептері, қоғамдық мекемелер мен уақытша ғимараттарды паналады. Олардың жартысына жуығы зейнет жасындағылар.
АҚШ-тың геология қызметі келтірген мәліметке сәйкес, жойқын зілзалалар жер бетінде жыл сайын тіркеледі. Статистика бойынша қуаты 7 балдан асатын жер сілкінісі 1 жылда кемі 10-12 рет орын алады екен. Магнитудасы 5 асатындары тіптен көп. Мыңдап санауға болады. Ал зілзаладан басқа апат түрлері қаншама?! Күн сайын біреуі тіркеліп жатады. Сөзімізге дәлел болсын, кеше ғана Қытайда лай көшкіні жүріп, 11 адам опат болды. Мыңнан астам тұрғын із-түзсіз жоғалып кетті. Өңір таулы аймақта орналасқандықтан іздестіру-құтқару жұмыстары қиынға соғып жатыр. Жергілікті полицияның мәлімдеуінше, қазірге дейін 500-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Исландияда жанартаудың атқылауы қаупі, жұрттың мазасын қашырып жатыр. Сарапшылар жер астында магма, яғни отты сұйық заттың тоқтаусыз ағып жатқанын айтады. Ол жер бетіне кез келген уақытта атып шығуы мүмкін.
Рикке Педерсен, жанартауды зерттеу орталығының басшысы: «Жанартауға қатысты жағдай бір сәтте өзгеруі әбден мүмкін. Жер қыртысындағы жіктер ұлғайып барады. Бұл жырықтардың үстінде тұтас елді мекендер бар».
Лавадан қорғану үшін жақын маңдағы елді мекендердің маңайына құмнан қабырға тұрғызылды. Бірақ, бұған дейін атқылаған от 3 үйдің күлін көкке ұшырған. Арнайы мамандар қазіргі жағдайды жіті бақылап отыр. Айта кетейін, Гриндавик елді мекенінің жанындағы жанартау 18 желтоқсанда оянды. Содан бері қауіп сейілген емес. Мамандар "әне-міне атқылайды" деп күтіп отыр.
Жалпы Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша 2030 жылға қарай жер бетінде орман өрті, лай көшкіні сияқты табиғи апаттар күн сайын дерлік тіркеледі. Соның салдарынан миллиондаған адамның өміріне қауіп төнеді.
ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕ СУ ТАСҚЫНЫ ЖИІЛЕЙДІ
Соңғы жылдары әлемде су тасқыны, лай көшкіні сияқты табиғи апаттар жиілеп кетті. Ғалымдар 2030 жылға таман табиғаттың тосын мінез көрсетуі қалыпты құбылысқа айналатынын айтады. Алапат су тасқындары тіркелуі мүмкін деп болжайды.
Cloud to Street компаниясы мамандарының болмажы бойынша 2030 жылға қарай әлемде су тасқыны қазіргіден бетер жиілей түседі. Өз кезегінде БҰҰ өкілдері жыл сайын 560 табиғи апат тіркелетінін айтады. Бәрі климаттың өзгеруімен байланысты екен.
Рет-ретімен бірер секундтан соң. ХХІ ғасырдың басынан жер жүзінде су тасқынынан зардап шеккендердің саны 24 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш ғалымдар болжағаннан он есе көп.
Cloud to Street компаниясының мамандары жүргізген зерттеуіне сүйенсек, 2000-2018 жылдар аралығында болған су тасқындарының аумағы 2,23 миллион шаршы шақырымды құраған. Яғни әлемнің 169 елінде табиғи апат тіркелген. Соның салдарынан кемі 255 миллион адам зардап шеккен.
Өкініштісі сол, бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп барады. Кейінгі апталарда жер бетінде болып жатқан алапат су тасқындары соның айқын көрінісі.
Бірер мысал. Қазір Ресейдің 20-дан астам өңірі су астында. Алтай өлкесіндегі ахуал жан түршігерлік. 478 үй мен 2 мыңдай жер телімі бүлінген. 100 көпір мен 50 жолды су шайып кеткен. Қызыл суға байланысты аймақта төтенше жағдай жарияланды. Ал Саратов облысында 24 өзен арнасынан асып, жергілікті қоймалардың су деңгейі қалыпты межеден 126 пайызға артып кеткен. Новосібір мен УльЯновск облыстарындағы жағдай осыған ұқсас.
Су тасқыны салдары
Ауғанстанда толассыз жауын-шашын мен тасқын салдарынан 7 адам ажал құшты. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, табиғи апаттан 500-ден астам үй бүлініп, 1500 гектар егістік алқабы жарамсыз болып қалған. Тасқын зардабын Түрікменстанмен шекаралас Фарияб, сондай-ақ, Нангархар мен Дайкунди провинцияларының тұрғындары тартып отыр. Пәкістандағы Хайбер-Пахтунхва аймағында да тасыған су егістік жерлердің көбін түк қалдырмай шайып кеткен. 10 адам көз жұмып, тағы ондаған тұрғын зардап шеккен.
Адамдар белуардан су кешіп жүр
Қазір Мадагаскарлықтардың да мазасы қашқан. Селдетіп құйған жаңбырдан халық белуардан лай су кешіп жүр. Өңірде алдымен қатты дауыл тұрып, арты жауын мен алапат су тасқынына ұласқан. Табиғат апатынан 18 адам опат болды.
Кларк Фавьен, жергілікті тұрғын: - Үйімізді су шайып кетті. Барлық тұрмыстық жабдықтармыздың быт шыт болып бүлініп қалды. Асүйдегі астықтың бәрі дымқыл. Жағдайымыз өте нашар. Ертелі кеш нәр татпадық.
Мамандардың айтуынша, әлемнің түкпір-түкпірінде тіркеліп жатқан табиғи апаттар жаһандық жылынумен тікелей байланысты. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының дерегі бойынша дәл осы климаттың өзгеруі мен экстремалды ауа райынан шамамен соңғы 50 жылда табиғи апаттар саны бес есе артқан. Статистикаға жүгінсек, 1970 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта әлем бойынша 11 мыңнан астам табиғи апат тіркеліп, 2 миллионнан аса адам опат болған. Ал экономикалық шығын 3,5 триллион доллардан асады.