Елімізде сексеуіл сатуға тыйым салынуы мүмкін
Елімізде сексеуіл сатуға тыйым салынуы мүмкін
8 жыл бұрын 6146 inform.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның сауда орындарында сексеуілді сатуға шектеу қоятын қаулы жобасын әзірлеп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Өстеміров мәлім етті. 

«Қазақстанда ормандарды заңсыз кесу, әсіресе, Жамбыл облысында сексеуілге қатысты жиі анықталады. Бұл – проблемалы мәселелердің бірі. Сексеуілді кесуге тыйым салынған. Алайда, сексеуілді заңсыз кесу фактілері тыйылар емес», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беру кезінде.

Осы орайда комитет төрағасының орынбасары Алматы қаласындағы сауда нүктелерінде, жанармай құю бекеттері мен базарларда сексеуілдің еркін сатылып жатқандығын жиі кездестіруге болатынын баса айтты.

«Қазір біз ішкі істер департаментімен, прокуратурамен бірлесіп рейд жүргізіп, базарларды тексеріп жатырмыз. Мұнан бөлек, сексеуілдің сатылымға шығарылуын алдын алу мақсатында Қазақстанның сауда нүктелерінде оны саудалауға тыйым салуға қатысты қаулы жобасын әзірледік», - деді Өстеміров.

0 пікір
Мұрағат