|
Елімізде сатушысы жоқ дүкен ашылды (видео)
|
Өскемен қаласында мектеп оқушысы өзгеше дүкен ашты. Өзгешелігі сонда, оның тұтынушылармен кассада есеп айырысатын сатушысы болмайды. Нақтырақ айтқанда, қазақ-түрік лицейінің ұстаздары мен ата-аналар және аталмыш білім мекемесінің жетекшілері мақұлдаған бұл бастама оқушыларды адалдыққа тәрбиелейді. Сатушысы жоқ сауда орнындағы мұздатқышта бағалары көрсетілген сусындар мен тәтті өнімдер қойылған. Оқушылар қалағанын алып, ақшасын тастап кетеді. Ірі сома болса, қалған айырма ақшасын алып кетеді. Бұл бастаманы Мұхадияр Қадыров есімді оқушы көтерген болатын. Бұл дүкеннің ашылғанына үш ай өткен. Нәтижесі жаман емес. Мектеп директоры Жошқын Шабанның айтуынша, алғашқы күні сатылған тауарлардың жарты ақшасы кем шыққан. Қазіргі уақытта ақша кем шықпайтын болды. Айта кетейік, мұндай дүкендер Еуропада таңсық емес.