Елімізде құжаттарды үйге жеткізу қызметі іске қосылды
Елімізде құжаттарды үйге жеткізу қызметі іске қосылды
8 жыл бұрын 2915 bag.kz

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметін іске қосуда.

Енді қазақстандықтардың дайын құжаттарды алу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ, кез келген көрсетілген орынға, үй болсын, кеңсе болсын, курьер жеткізіп беретін болады. Бұл сервисті пайдалану үшін клиент қызмет алуға қажетті толық құжаттар пакетін ХҚКО инспекторына өткізеді және дайын құжаттарды жеткізіп беру жөніндегі өтінімді толтыру үшін ХҚКО ғимаратында орналасқан «Қазпошта» АҚ қызметкерлеріне жүгінеді.

Корпорацияның баспасөз қызметінің мәліметінше, құжаттарды жеткізіп беру қызметі жеке және заңды тұлғаларға коммерциялық негізде көрсетіледі. Үйге жеткізіп беру бағасы қызмет көрсетілетін аймаққа және соңғы жеткізілім мекенжайына байланысты болады. Жеткізілім жайлы ақпаратты берілген трек-нөмірі бойынша post.kz. сайтынан қадағалап отыруға болады. Қызметтің ең төменгі құны – 500 теңге. Қызмет алушы жеткізілім төлемін дайын құжаттарды алғаннан кейін жүргізеді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, жаңа қызмет ХҚКО-ға келуге уақыты тапшы жандарға арналған.

«Қазіргі уақытта қызметтерді автоматтандыру жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Көптеген қазақстандықтар қызметті электрондық үкімет порталының көмегі арқылы үйден шықпай-ақ алады. Алайда, ХҚКО-ға келмей рәсімдеуге болмайтын қызмет түрлері де бар. Соңғы уақытта қызметті үйде отырып алуға өтініш білдірген азаматтардың қатарының өсуіне байланысты, біздің қызмет алушыларымызға ыңғайлы болу үшін осы сервисті іске қосуды шештік» - деді ол.

Сондай-ақ Оспановтың айтуынша, бүгінде «Азаматттарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуға ыңғайлы болатын барлық жағдайларды жасауда, атап айтқанда ХҚКО-ларда күту және рәсімдеу уақыттарын қысқарту, электрондық кезектің, бейнекамераның жұмыс істеуі, сондай-ақ ХҚКО-лардан қызметті алуда жайлылық жағдайларының жаңа мүмкіндіктері қарастырылуда.

Айта кетейік, мемлекеттік корпорация алдағы уақытта интернет, телефон, ұялы байланыс және т.б. арналар арқылы тағы да бірнеше сервистер мен жобаларды енгізуді жоспарлап отыр.

0 пікір
Мұрағат