Елімізде қандай мамандар сұранысқа ие?
|
Қазақстандық жұмыс берушілер орта білімді техника мамандарына мұқтаж. Бұл туралы бүгін жұмыс берушілердің кадрлық сұраныстарын анықтау мақсатында өткізілген сауалнаманың қорытындысы туралы ҚР ДСӘДМ-де өткен брифингте "ҚР ДСӘДМ Жұмыспен қамту проблемалары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы" АҚ президенті Дәулет Арғындықов мәлімдеді, - деп хабарлайды «Tengrinews.kz» ақпарат көзінің тілшісі.
Сөз барысында ол 2015 жылы алғаш рет "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып 3700 жұмыс берушілер арасында мамандықтар мен кәсіптеріне қарай кадрлар сұранысын анықтау мақсатында сауалнама өткізілгенін еске салды.
"Биыл қатысушылардың саны әлдеқайда ұлғайтылды. Бұл сауалнама нәтижесінің сенімділігі мен оның аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. 2016 жылы жалпы қызметкерлер саны 880 мыңнан астам адамды құрайтын 7 мыңнан аса жұмыс беруші сауалнамадан өтті", - деп хабарлады Дәулет Арғындықов.
Сауалнама нәтижесі бойынша, 2016 жылы 134 мың адам сұранысқа ие болған. Негізгі сұраныс сауда, қаржылық және сақтандыру қызметтері, жылжымайтын мүлік сияқты қызмет көрсету салаларына тиесілі. Экономиканың нақты секторында жалпы кадр қажеттілігі 49 мың адамға бағаланып отыр, сонымен бірге, оның жартысына жуығы ауылшаруашылық секторына қажет екені белгілі болды. Өнеркәсіп саласында кадрларға сұраныстың негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, оның басым көпшілігі киім, аяқ киім, сондай-ақ, ағаштан жасалатын заттар өндірісінде қажет болып отыр. Жалпы алғанда, бұл сала өнеркәсіптері өз қызметкерлер штатын 10 пайыздан астам көрсеткішке ұлғайтуға мүмкіндіктері бар.
"Егер соңғы жылдары еңбек ресурстарына сұраныс мемлекеттік сектор тарапынан болса, биылғы жылы сұраныстың 80 пайызы жеке сектордың үлесінде", - деді Дәулет Арғындықов.
Аймақтар арасында кадрлар сұранысының басым көпшілігі Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, сонымен бірге, Астана, Алматыда (жалпы сұраныстың 60 пайызы) байқалады. Сонымен, бұл облыстардағы жалпы сұраныс 60,8 мың қызметкерді құраса, Астана мен Алматы қалаларында 20,9 мың адам болып отыр.
Негізгі сұранысқа ие 5 сала:
- сұраныстың үштен бір бөлігіне жуығы (42 мың адам) сауда, қаржы, жылжымайтын мүлікпен айналысатын өндірістерден;
- сұраныстың 17 пайызы (23 мың адам) ауылшаруашылық кәсіпорындарынан;
- сұраныстың 12 пайызы (16,3 мың адам) білім беру саласы ұйымдарынан;
- 10 пайызы (13,6 мың адам) құрылыс компанияларынан келсе,
- өндірістік кәсіпорындарға 12,2 мың қызметкерлер қажет, бұл сұраныстың 9 пайызын құрайды.
"Сауалнама мәліметтері сараптамасының нәтижесі бойынша республикада орта білікті техника мамандарына деген сұраныс жоғары болатыны анықталды. Оның мөлшері 57,1 мың немесе еліміздегі жалпы кадр сұранысының 43 пайызын құрап отыр. Сонымен бірге, жұмыс берушілердің біліктілігі төмен немесе біліктілігі жоқ мамандарға деген сұранысы жоғары. Ол 33 пайыз болып отыр. Білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы мамандарға деген сұраныс та жоғары - 15 пайыз. Инженерлік-техникалық кадрларға деген сұраныс қажеттілігі бойынша соңғы орыннан бір саты жоғары тұр - республика бойынша небәрі 6,2 мың адам (жұмыс берушілер сұранысының 4,6 пайызы) ғана керек. Кеңсе жұмыскерлері, әкімшілік персонал мен өзге де қызметкерлерге деген сұраныс өте төмен - 4 пайыз", - деп қорытындылады Дәулет Арғындықов.
Қазақстанда 90 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар
ҚР Мемлекеттік аппаратының саны 91 мыңнан астам адамды құрайды. Бұл туралы Қоғамдық кеңес отырысының барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов мәлімдеді.
Министрдің атап өтуінше, Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің жалпы штаттық саны 99 мыңға жуық адамды құрайды, соның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің саны - 98 464 адам, соның ішінде «Б» атқарушы корпусында - 97 971 адам, «А» басқарушы корпусында - 493 адам және саяси мемлекеттік қызметкерлер корпусында - 422 адам.
«Осылайша, мемлекеттік аппараттағы бос жұмыс орындарды есепке ала отырғанда, бұл шамамен 7,6 пайыз - ҚР мемлекеттік аппаратының саны 91 мыңнан астам адамды құрап отыр», - деп нақтылады Т.Донақов.
Оның айтуынша, әкімшілік қызметтердің саяси қызметтермен салыстырғанда басымдығы «А» корпусының ерекше дәрежесімен бірге ЭЫДҰ-ның кеңестеріне сәйкес келіп, мемлекеттік аппараттың автономдығы және тұрақтылығына септігін тигізеді.