Елімізде қажылыққа виза алу жеңілдейді
|
Сауд Арабия билігі биылғы қажылыққа виза алу жолын оңтайландырды. Әлемнің әр түкпірінен баратын азаматтар енді қажылық визасын электронды жүйе арқылы алады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Аталған жүйе Рамазан айында тәжірибе ретінде енгізілген болатын. Нәтижесінде ұмраға келушілер саны 30 пайызға артқан.
Өйткені әлемнің кейбір елдерінде Корольдіктің консулдық қызмет көрсету орталықтарының болмауының себебінен қиындықтар болатын. Осыған орай Сауд Арабияның Қажылық және Ұмра мен Сыртқы істер министрлігі бірігіп жаңашылдық енгізіп отыр.
«Мұның ұтымды тұсы көп. Енді Қажылық-2019 маусымына отандастарымызға қызмет ұсынып отырған еліміздегі Қажылықпен айналысуға қабілетті деп танылған турфирмалар парызын өтеушілердің визасын Нұр-Сұлтан қаласындағы Сауд Арабиясының елшілігіне төлқұжат ұсынбай-ақ электронды жүйе арқылы рәсімдей алады. Бұған дейін виза алудың уақыты бірнеше күнге созылса, қазір бір сағатта дайын болады. Осындай электронды виза беру үдерісіне көшкен Сауд Арабиясы Таяу Шығыс аймағындағы Үкіметтік электронды қызметті қолға алған алғашқы ел. Мұндай өзгеріс тіпті біздегі қажылық компаниялары үшін де тиімді екенін айтқым келеді», - деді ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділла Бекжігітов.
Айта кетейік бұған дейін парызын өтеушілердің құжаттары әр облыстан жиналып, Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілетін. Енді әрбір қажылық фирмалары өз кеңсесінен қажетті құжаттарды рәсімдеп, виза алудың жеңіл түріне қол жеткізбек.