Қазақстанда мүгедектікті анықтау рәсімі пациенттің қатысуынсыз жүргізіледі. Яғни, мүгедектікті анықтау дәрігерлер комиссиясының шешімімен шығарылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Елімізде мүгедектікті анықтау рәсімі пациентсіз жүргізіледі
|
«Жақында мен Батыс Қазақстан облысында болдым. Онда біз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын көтеру мәселесін талқыға салдық. Оның ішінде, мүгедектікті анықтау рәсімін пациенттің қатысуынсыз жүргізу мәселесі бар. Нәтижесінде, медициналық мекемедегі дәрігерлер комиссиясының шешімімен мүгедектікті анықтау рәсімі пациенттің қатысуынсыз жүргізу туралы шешім қабылданды. Еліміздегі тәуелсіз сарапшылар дәрігерлер берген қорытындының негізінде азаматтың денсаулығына қаншалықты зиян келгенін анықтайды», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, мүгедекті анықтау рәсімі барысында алынған деректер құпия ұсталады екен.
Сонымен қатар, Светлана Жақыпова алғашында пациенттің қатысуынсыз мүгедекті анықтау рәсімі 4 облыста пилоттық жоба түрінде жүзеге асатынын жеткізді.
«Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен меморандумға қол қойдық. Ал Қарағанды облысындағы медициналық мекемелерде тексеріп шықтық. Ондағы мақсат - олардың дайындығын интеграцияға тексеру болды. Сондай-ақ, аталған жобаға Қостанай және Ақмола облыстарын қосу көзделіп отыр. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық медициналық тексерістен кейін жоба барлық өңірде жүзеге асады», - деді ол.
Сонымен қатар, вице-министр алдағы уақытта медициналық мекемелердегі құрал-жабдықтарда цифрландырылатын атап өтті.
«Бұл - УДЗ-аппараттары, ЭКГ, рентген. Осы аппараттардың барлығы бағдарламалық жасақтамаларға қосылады. Нәтижесінде осы құрал-жабдықтардан алынған мәліметтер цифрланған түрде болады», - деп түйіндеді сөзін Светлана Жақыпова.