Елімізде лаңкестер ұшақ ұрлап, 2001 жылғы АҚШ-тағы сияқты теракт жасамақ болған (видео)
|
Әсіресе, қырғыз азаматымен біріккен екі отандасымыздың әрекеттері жаға ұстатады. Олар 15 жыл бұрын АҚШ тағы егіз мұнараны қиратқан террористердің ісін қайталамақ болған. Ол үшін лаңкестерге жарылғыш зат емес, ұшақ қажет болыпты.
Сәкен Мыңбаев, ҚР ҰҚК қарасты терроризммен күрес орталығының өкілі:
-Өз әрекеттерін ауқымды қоғамдық пікір туғызу үшін , олар адамдар көп жиналатын орындарда террористік акті жасау жолын қарастырған. Сондай-ақ, Талдықорған қаласындағы әуежайды зерттеп, барлау жүргізген. Олар АҚШ-та 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған шабуылдарға ұқсас ауқымды террористік актіні жүзеге асыру үшін азаматтық немесе әскери ұшақты ұрлап әкету мүмкіндігін қарастырған.
Өзге содырлардың да әрекеті адам шошытады. Әсіресе, Қарағанды облысында жарылыс ұйымдастырмақ болған террористер Сириядағы соғысқа аттануды жоспарлаған. Тіпті, дінінен адасқан қарулы топ Балқаш қаласындағы Ресейдің әскери бөліміне шабуыл жасап, қару-жарақ алуды ойластырыпты. Сөйтіпн елдің тыныштығын кетіріп, дүрбелең туғызбақ болған.
Сәкен Мыңбаев, ҚР ҰҚК қарасты терроризммен күрес орталығының өкілі:
- Топ мүшелері «шаһид белдігі» түрінде 2 құрылғы дайындап үлгерген. Ұстау операциясы кезінде біреуі оларды іске қосып жарып жіберген болатын. Алынған компоненттер тағы 50-ге жуық жарылғыш қондырғыларды жасауға жеткілікті. Біздің эксперттердің бағалуы бойынша, мұндай көлемдегі жарылғыш заттар, көп қабатты тұрғын үйді қиратуға қауқарлы.
Алайда, радикалдардың жоспарын күні бұрын білген арнайы қызмет олардың мекен-жайына кіріп барғанда, лаңкестің бірі өз үйінің шатырында жарылғышты іске қосып, өзін жарып жіберген еді. Ал, өзге лаңкестік топ мүшелері де жәй жүрмей ел ішіне лаң салған шет елдегі басшыларының айтқанын бұлжытпай орындап келген. Өрімдей жастардың санасын улап, билікке қарсы қойған. Париждегі терактқа ұқсас жарылыстарұйымдастырған. Тіпті, арам ойларын іске асыру үшін қолдан жалған ақша жасап келгендер де бар.
Қазір осы радикалды сегіз топтың жолы кесіліп, жалпы саны 60-қа жуық лаңкес қамауға алынған. Қауіптісі сол, бұл жыл басынан бері ғана қолға түскендер. Оларға тероризмге қатысты барлық дерлік баптар бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал, маусымда айында дүйім жұртты дүрлүктірген Ақтөбедегі терактіге қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді.