Елімізде жүрек аритмиясын емдеудің жаңа технологиясы енгізілді
|
Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып жүрек аритмиясын емдеудің жаңа технологиясын енгізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, UMC жүрек орталығының мамандары әлемнің жетекші клиникаларында қолданылатын жүрек аритмиясын емдеудің озық әдісі – Farapulse электроимпульсті абляциясын сәтті енгізген.
Технология жоғары қауіпсіздік пен тиімділікке ие және ем-шарадан кейін пациенттердің қалпына келу уақыты 1-2 күнге дейін қысқарады.
Еуропалық жүрек ассоциациясы қауымдастығының (EHRA) хатшысы болып табылатын, әлемге әйгілі кардиолог, француз клиникасы Clinique Pasteur профессоры Серж Боведа жаңа технологияны қолдану бойынша мастер-класс өткізді.
Ем-шара аз инвазивті – катетер сан көктамыры арқылы енгізіліп, жүрекке жіберіледі, онда электропорация арқылы ол тек патологиялық тіндерге әсер етеді. Бүкіл процесс бір сағаттан аспайды және пациенттер екі күннен кейін қалыпты жағдайға оралады, – деді профессор.
Farapulse технологиясы Қазақстанда ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында алғаш рет енгізілді. Ол пациенттерде жүрекше фибрилляциясы– жүректің жоғарғы камераларының тез және ырғақты емес жиырылуы пайда болған кезде қолданылады. UMC жүрек орталығының мамандары доктор Боведаның жетекшілігімен мастер-класс барысында 8 ем-шара өткізді.
Технология сау тіндерге әсер етпей, аритмия аймақтарына дәл әсер етуге мүмкіндік береді, бұл пациент үшін емдеуді барынша қауіпсіз етеді, - деп атап өтті UMC жүрек орталығының интервенциялық аритмология бөлімінің меңгерушісі Өмірбек Нұралинов.
Бұл технологияны енгізу әсіресе өзекті, өйткені жүрек-қан тамырлары аурулары әлемдегі өлімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді.
Қазақстанда жыл сайын 1000-ға жуық пациент жүрекше фибрилляциясын емдеуді қажет етеді және мемлекеттік квотаның арқасында олар осы жоғары технологиялық көмекті тегін ала алады, - деп атап өтті UMC басқармасының төрағасы Юрий Пя.