Елімізде тұңғыш рет жедел жәрдем қызметі инвестордың қолына берілді. Тек Ақтөбе қаласында он екі күннен бері алғашқы медициналық көмек көрсетуді жеке компания құзырына алды. Ең алдымен олар, әдетте 25-30 минут күтуге тура келетін жедел қызмет уақытын 15 минутқа дейін қысқартамыз деп сендіреді. Жеке компания жедел жәрдем қызметін жеті жылға келісімшартпен алған. Адам өмірін жекеге сеніп тапсыру қаншалықты дұрыс шешім? Бастаманы халық қалай қабылдады?
Елімізде жедел жәрдем қызметі инвестордың иелігіне өтті
|
Ақтөбеде жаңа жылдан бері жедел жәрдем қызметі түркиялық компания қолында. Яғни, науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсететін қызмет енді мемлекеттің емес, инвестордың иелігінде. Эксперимент тек Ақтөбе облысы бойынша жүреді. Ал мемлекет жеке компанияға бір қоңырау үшін 12 мың теңге төлейтін болады. Алайда, бар-жоғы он екі күнде жеке компания қызметті жақсартып үлгермей жатыр ма, әйтеуір халық шағымы бұрынғыдай.
- Өзім 20-30 метр жерде тұрамын 03-тен. Балам ауырған кезде келмей қалған уақыттары болды.
- Көңілім кейде толады, кейде толмайды.
-Неге толмайды?
- Шақырған кезде уақытында келмейді.
Халықтың бұл наразылығын дәрігерлер де біледі екен. Жедел қызметтің шақыртылған жерге 30-40 минутқа дейін кешігетінін мойындап отыр. Айтуларынша, бес жүз мыңдай тұрғыны бар қала үшін бұл уақыт тым ұзақ. Ең бастысы, білікті дәрігерлердің жетіспеушілігі болып тұр дейді жеке компания басшысы.
«Біздің барлық проблемалардан хабарымыз бар. Бұл бір күнде шешілетін нәрсе емес. Қазір линия жетіспейді, кейде машина жетіспейді дейді. Біз машиналарымыздың санын көбейтіп жатырмыз. Биыл жаңа 34 машина алып келдік. Өзімізде де 35 машина бар. 70 машинамен толық Ақтөбе қаласына қызмет көрсетеміз»,- дейді «Алғашқы көмек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақытжан Түрметов.
Күніне сегіз жүзге жуық шақырту түсетін Ақтөбенің жедел жәрдем қызметінде әзірге өзгерген ештеңе жоқ. Бірақ, жаңа басшылық ақсап қалған қызметтің жұмысын жақсартамыз деп уәде беріп отыр. Алдағы уақытта тұрғындардан қоңырау қабылдайтын жаңа 15 адамдық орталық ашылады дейді.
Ақтөбенің көшелерінде көлік кептелісі көп бола бермейді. Бірақ, неге екені белгісіз, науқастардың жедел қызметті сағаттап күтетін жағдайлар жиі кездеседі. Құрамы тағы 16 жаңа көлікпен толыққан жедел бригада бұл олқылықтардың алдын аламыз деп отыр. Айтуларынша, енді шақырту түскен жерге 10-15 минуттің ішінде жетіп боламыз дейді. Ал жаңа құрамның жаңа қызметі ақтөбеліктердің қаншалықты көңілінен шығатынын уақыт көрсетеді.