Елімізде экологиялық таза ойыншықтар жасала бастады (видeо)
Елімізде экологиялық таза ойыншықтар жасала бастады (видeо)
9 жыл бұрын 5045

Пайдалы әрі қауіпсіз өнім. Ақтаулық бүлдіршіндер енді экологиялық таза ойыншықтармен ойнайтын болды. Жергілікті кәсіпкер балалар үйшігі мен жұмсақ қуыршақтар тігуді қолға алды. Сапасы жоғары болғандықтан, отандық өнімге деген сұраныс та күннен-күнге артып келеді. Ісмер келіншектер үш айда екі жүзге жуық ойыншық тігіп, балаларды қуанышқа бөлеп үлгерді. Кәсіпкердің көздегені – шетелдің сапасы күмәнді өнімдерін нарықтан ысырып, балаларды қауіпсіз ойыншықтармен қамту. Балалар үйшігі 5 жасар Айшаны ә дегеннен-ақ өзіне үйіріп алды. Қуыршағына бесік жырын айтып, ішінде ұйықтатуға кірісті. Ойынға беріліп кеткені соншалық үйшіктен шыққысы жоқ. «Бұл ойыншық үйден балалардың өз әлемін қалыптастыруға мүмкіндік береді», - дейді ата-аналар. Қуаныш Жантемірова, қала тұрғыны: - Балама вигвамды сатып алдым. Күнімен соның ішінде ойнайды, ұйықтап та қалады. Ол кезде уайымдамаймын. Экологиялық таза, өзінің орнында ұйықтап жатқанын білемін. Баламның өз әлемі болды. оның ішінде ойнағалы бері гаджет, iPhone, iPad-тарға деген қызығушылығы басылды. Енді бүгін қызыма сатып алуға келдім. Вигвам, яғни балалар үйшігі – ең қауіпсіз ойыншықтардың бірі. Оны әзірлеу кезінде желім, шеге тәрізді зиянды заттар қолданылмайды. Ағаш тіреуіштермен бекітіліп, табиғи маталармен жабылады. Үш ай бұрын дүниеге келген шағын цехта 50-ге жуық өнім түрі тігіліп жатыр. Ерекше кәсіпті қолға алған қос құрбы Мәдина мен Салтанаттың басты арманы – сапасы күмәнді шетелдің ойыншықтарына бәсекелес болатын сапалы өнім шығару. Мәдина Кәкімбаева, жеке кәсіпкер: - Апта сайын неше түрлі балаларға арналған заттар тонналап келіп жатыр. Оның сапасы бізге беймәлім, таза ма, жоқ па білмейміз. Сондықтан біздің алдымызға қойған мақсатымыз – өзіміздің балаларымыз үшін экологиялық таза өнім шығару. Ол өнімді таза маталар мен ішіне салатын толтырмалардан бастадық. Маталарымыз 100 пайыз мақтадан жасалған. Арасында органикалық матадан жасалғандары бар. Жұмсақ ойыншықтар, жаңа туылған нәрестелерге арналған бұйымдар мен балалардың төсек жабдығы. Айына 50-ден астам өнім еліміздің ірі қалалары мен алыс-жақын шетелге таралуда. Табысты кәсіптің иелері Мәдина мен Салтанат келешекте қазақы үй тәрізді балалар үйшігін әзірлеп, өнімдеріне ұлттық ою-өрнектерді енгізуді көздейді.

 

0 пікір
Мұрағат