Елімізде дін мамандарын даярлайтын қанша оқу орны бар?
|
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты жоғары білімді дін мамандарын даярлайтын Алматы қаласындағы «Нұр» Қазақ-Египет университетіне бөлек, орта білімді дін мамандарын даярлайтын 9 медресе және имамдардың білімін жетілдіру ислам институты бар.
Сонымен қатар 2 қарилар орталығы да жұмыс жасауда. Шәкірттер қасиетті Құран Кәрімді толық жаттап, оқу соңына дейін «Ижаза», яғни Құранды жаттағаны жайында анықтама алып шығады. «Нұр» Қазақ-Египет университетіне мемлекет тарапынан 150 грант бөлінген. Осы жылы университеттің 1 курсына жалпы 210 шәкірт қабылданыпты. Олардың 162-сі ер, 48-і қыз бала. Ал өткен жылы университетті 48 түлек бітіріп шықты. Жалпы алғанда 2001 жылдан бері аталған оқу орнын 357 түлек тәмамдады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 9 медресеге 2013-2014 жаңа оқу жылына І курсқа 398 шәкірт қабылдаған. Оның 303-і ер, 95-сі қыз бала. Ал жазғы сауат ашу курстары мен лагерьлерде республика аумағынан 9880 шәкірт білім алған. Еліміздегі уағыз-насихат жұмыстарын оңтайландыру мақсатында арнайы стратегиялық даму бағдарламасы әзірленіп, сол бойынша ауқымды шаралар атқарылуда дейді ҚМБД мамандары. Діни басқарманың алға қойған бағыттарының бірі жаһандық сипат алып отырған жат ағымдар мен деструктивті топтардың алдын алып, халықты соңынан жетелей алатын заманауи дін қызметкерінің тұлғасын қалыптастыру. Осы тұрғыда арнайы жұмыс жоспары түзіліп, құрамында білікті дін ғалымдары, психолог, заңгер, әлеуметтанушы, дінтанушы мамандары бар ҚМДБ-ның біліктілік арттыру тобы, өңірлердегі имам-молдалардың уағыз айту біліктілігін көтеріп, білімін жетілдіруге бағытталған 7-10 күндік, 1айлық семинарлар ұйымдастырылған.